Егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары – Ербол Қарашөкеев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 95 пайызы жиналды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары – Ербол Қарашөкеев

«Осы жылы егін жинау жұмыстары уақтылы басталды. Бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары. Мәселен, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,1 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы алаңының 95 пайызы жиналды. Ал өткен жылы осындай уақытта 14,5 млн гектар немесе 91,5 пайыз жиналған болатын», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бүгінгі күні орташа түсімділік гектарына 9,4 центнерді құрады.

«Бұдан басқа, майлы дақылдар, көкөністер, картоп, бақша дақылдары мен мақта жинау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн», - деді ол.