Егісте агротехникалық шараларды сақтағанда ғана мол өнім алуға болады ? маман пікірі
ОРАЛ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Жолдауында атап өтілгеніндей, еліміз үшін маңызды міндет – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы, көктемгі егіс мәселесі алдыңғы орында тұрады.
БҚО-ның Сырым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қонысбай Молдағалиевтің ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, егіншілікте агротехникалық шараларды сақтағанда ғана мол өнім алуға болады. Мәселен, өткен жылы осы технологияны сақтаған, егіс егу мерзімін оңтайлы пайдаланған «Арай-2», «Тінәлі» ЖШС, «Сайнов А» ЖК сынды шаруашылықтар егіс алқаптарының әр гектарынан 18-20 центнерден өнім алғанда, кейбіреулердікі керісінше 5-6 центнерден ғана (аудан бойынша орташа көрсеткіш ? 13,4) айналды.
Биылғы жылдың егісіне 9267 тонна тұқым дайындалды. Техникалар да жеткілікті. Аудан бойынша 69,2 мың гектар жерге егіс егілмек. Соның ішінде 51,6 мыңға бидай, 13,1 мыңға арпа, 1200 гектарға тары егіледі. Сол сияқты майлы дақылдар, бау-бақша, картоп та өсіріледі.