Егін жинау науқаны барысында 26,4 млн тонна астық бастырылды
АСТАНА.KAZINFORM — Елімізде егін жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, науқан өз мәресіне таяп қалды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құраған. Соның ішінде 16 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға тиесілі.
— Егін жинау науқаны дер кезінде басталды. Шаруалар қажетті техникамен, жанар-жағармаймен және қаржы ресурстарымен толық қамтылды. Қазіргі таңда республика бойынша 15,8 млн гектар, яғни 98,4 пайыз дәнді дақылдар жиналып, орташа өнімділік 16,8 центнер/гектарды құрады. Жалпы 26,4 млн тонна астық бастырылды. Осылайша, бұған дейін айтылғандай, биыл рекордтық көлемде өнім алу күтілуде, — деді вице-министр.
Сұлтановтың дерегінше, бидай 12 млн гектардан астам алаңнан (98,8 пайыз) жиналып, шамамен 20 млн тонна астық бастырылған. Ал арпа мен сұлы бойынша 4,2 млн тонна өнім алынған, бұл да 99 пайыз көрсеткішке жеткен.
— Сонымен қатар жүгері алқабының 127 мың гектары (72,8 пайыз) жиналып, 830 мың тонна өнім бастырылып, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары аясында дәнді-бұршақты және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы нәтижелер қазірдің өзінде байқалып отыр 773 мың гектар бұршақты дақылдар (99 пайыз) орылып, алғаш рет 1 млн тонна өнім жиналды, — деді ол.
Сондай-ақ майлы дақылдар бойынша шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық өнім алу болжанып отыр. Бүгінгі күні 2,7 млн гектар немесе 68 пайыз алқап орылып, 3,2 млн тонна майлы дақыл бастырылған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің ұлғаюы шаруалардың табысын арттырып қана қоймай, келесі маусымға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, республика бойынша 130 мың гектар картоп (99%) жиналып, 2,9 млн тонна өнім алынды. Көкөністер 129 мың гектардан (99%) жиналып, 3,9 млн тонна өнім бастырылды. Ал бақша дақылдарының жинау жұмыстары толық аяқталып, 94 мың гектардан 2,6 млн тонна өнім алынған.
Баспасөз конференциясы барысында журналистер тарапынан ауыл шаруашылығы саласына ауа райының қолайсыздығы мен жанармай бағасының тұрақсыздығы қалай әсер еткені жөнінде сұрақ қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова бұл сұраққа жауап бере отырып, науқан барысында 422 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін айтты.
— Бұл ішкі нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Сонымен қатар климаттық жағдайға байланысты майлы және астық дақылдарын кептіруге қосымша 40 мың тонна дизель отыны Энергетика министрлігімен бірлесе бөлінді. Қазіргі таңда ішкі нарықта қосымша отынға тапшылық жоқ, — деді Хатепова.
Оның айтуынша, биыл вегетация кезеңінде ауа райы қолайлы болды, жауын-шашын да жеткілікті мөлшерде жауған.
— Егін егу науқаны мерзімінен ерте басталды. Зиянкестермен күрес те жүйелі жүргізілді. Вегетация кезінде кейбір өңірлерде шегірткемен байланысты мәселелер болды. Дегенмен, АШМ әкімдіктермен бірлесе отырып, уақытылы шаралар қабылдаудың арқасында егінге айтарлықтай зиян келген жоқ, — деді департамент басшысы.
Бұған дейін Республика аумағында егістік алқаптарына, жайылымдар мен шабындықтарға шегірткеден зиян келмегенін жазғанбыз.
Сонымен қатар СҚО әзірге егін орағы ауа райы мен дизель сапасына байланысты аяқталмай тұрғанын жазғанбыз.