Егін жинауға 664 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM —
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен министрлікте кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Онда егін жинау науқаны барысы, шаруаларды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасы, жанар-жағармай және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, элеваторлардың жаңа астықты қабылдау, сондай-ақ келесі жылғы ауыл шаруашылығы маусымына қажетті ресурстар әзірлеу мәселелері қаралды.
Жиынға министрлікке қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары мен ведомствоның аумақтық бөлімшелер басшылары қатысты.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, басты міндет — егін жинау науқанын табысты аяқтап, өнімді сапалы сақтай отырып, келесі маусымға дайындықты да қатар алып жүру.
— Барлық қажетті ресурстар берілді, қаржыландыру қамтамасыз етілді, ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылуда, дизель отыны мен тыңайтқыш жеткізу жолға қойылды, астық қоймалары дайындалды. Облыс әкімдіктері жұмысты үйлестіріп, туындаған мәселелерді жедел шешуі қажет, — деді министр.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 24,2 млн гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,6 млн гектарды қамтиды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың мәліметінше, дәнді дақылдар 10,9 млн гектар алқаптан жиналды. Бұл — егін жинау жоспарланған алқаптың 70 пайызы. Орташа түсім гектарына 14,1 центнер болып, жалпы 15,5 млн тонна астық бастырылды.
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 1,3 млн гектар алқап жиналып, гектарынан орта есеппен 9,7 центнерден 1,3 млн тонна майлы тұқым алынды.
Сонымен қатар 2,6 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылдары және 1,8 млн тонна картоп жиналды. Бұл ішкі азық-түлік нарығы қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген кредиттеу аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 664,4 млрд теңге көлемінде өтінімдері қаржыландырылды.
Саланы техникалық жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288,1 млрд теңге болатын 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды.
Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қолданыстағы лизинг бағдарламалары шеңберінде жалпы құны 353,9 млрд теңге лік 10 774 техника жеткізуге келісімшарттар жасалды.
Егін жинау науқанына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мың техника жұмылдырылды. Оның ішінде жеңілдікті лизинг бағдарламалары арқылы сатып алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен өнімділігі жоғары 2 340 комбайн алқаптарда жұмыс істеп жатыр.
Өңірлерге белгіленген баға бойынша 401 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Егін жинау жұмыстарымен қатар келесі ауыл шаруашылығы маусымына қажетті ресурстар да әзірленуде.
2026 жылы 2027 жылғы егіс науқанын алдын ала қаржыландыру тетігі жалғасады. Осыған байланысты әкімдіктерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржы институттары алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындауын қамтамасыз ету тапсырылды.
Тұқым қорын қалыптастыру жұмыстары да жалғасып, қазірдің өзінде 1,4 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл қажетті көлемнің 61 пайызына тең. Бұдан бөлек, 2 млн тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді.
Еліміздегі астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тонна, оның 13,1 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына, 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қоймаларына тиесілі.
Қолда бар қоймалардың сыйымдылығы жаңа өнімді, өткен жылдан қалған астық көлемін қоса есептегенде, толық орналастыруға жеткілікті. Qoldau цифрлық порталының мәліметінше, лицензияланған астық қоймаларының қазіргі жүктемесі 30 пайызды немесе 4 млн тонна.
Жаңа өнімді қабылдау басталғалы бері лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары 4,3 млн тонна астық қабылдады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе жоғары.
Қабылданған жұмсақ бидайдың 61 пайызы — үшінші сыныпты, 34 пайызы — төртінші сыныпты, ал 5 пайызы — бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын астық.
Алқа отырысының соңында министр облыс әкімдерінің орынбасарларына егін жинау науқанына күнделікті мониторинг жүргізуді күшейтуді, есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз етуді және шаруалардың мәселелерін жедел шешуді тапсырды.
— Егін жинау науқаны ұйымшылдықпен, іркіліссіз және барынша жоғары ұйымшылдықпен, тиімді өтуі тиіс, — деді Айдарбек Сапаров.