eGov арқылы кедергі келтірген көлік иелеріне анонимді хабарлама жіберуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — eGov Mobile қосымшасында көлік иесіне анонимді хабарлама жіберетін жаңа қызмет түрі қосылды. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.

Жаслан Мәдиев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл жоба ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылған.

— Бүгіннен бастап тағы бір цифрлық мүмкіндік іске қосылды — көлік иелеріне хабарлама жіберу сервисі. Егер сіз терезесі ашық қалған немесе өтуге кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді теріп, жағдайды таңдасаңыз жеткілікті. Көлік иесіне анонимді хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмектесу мен азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп сенеміз, — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Мобильді қосымшада көлікке қатысты «Жолды бөгеп тұр», «Жарығы жанып тұр», «Дөңгелегі жарылған», «Терезесі ашық», «Сигнализация қосылды» деген нұсқалардың бірін таңдауға болады. Содан кейін көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін көрсету қажет.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 91% онлайн көрсетілген. «Ұлттық қор — балаларға», «Стоп-кредит», «Көлік иелену тарихы», «Құмар ойындарға қатысудан ерікті түрде бас тарту» секілді танымал сервистер іске қосылған.

Соңғы жаңалықтар