eGov бұзылмады: Министрлік 15 млн адамның дерегі тарады деген ақпаратқа нүкте қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін ақпарат кеңістігінде eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді. Ведомство мәліметінше, eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ.
— Сонымен қатар, біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. Және ЕGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды. Мұны растайтын басқа да фактілер бар. Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады. Сондықтан тағы да ресми түрде мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — делінген ресми ақпаратта.
Ведомство атап өткендей, Darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді.
— Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, ақпаратты белгіленген факт ретінде таратпас бұрын, ең алдымен оның шынайылығын мұқият тексеріп алған дұрыс, — деп түйіндеді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Бұған дейін министрлік бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.