Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

eGov GPT-дің артықшылығы қандай

АСТАНА.KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жуырда іске қосылған eGov GPT-дің тиімділігі жөнінде мәлімдеді. 

eGov GPT-дің артықшылығы қандай
Фото: Коллаж: Kazinform / ЖИ

Оның сөзінше, интеллектуалды цифрлық ассистент eGov GPT сәуір айында енгізілді. Бұл — мемлекеттік қызметті алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі.

— Бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі анықтайтын. Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы: «маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек» немесе «биыл балам бірінші сыныпқа барады». eGov GPT қажетті қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды және қызметті нәтижесіне дейін жеткізеді, — деді Жаслан Мәдиев.

Сонымен бірге, бүгінде eGov GPT-де жалпы трафиктің шамамен 30%-ын қамтитын 50 қызмет қолжетімді. Оларға сұраныс өте жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

— Азаматтар eGov GPT мүмкіндіктерін 150 мыңнан астам рет қолданып үлгерді. Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселе бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуы тиіс. Сондықтан орталық мемлекеттік органдар азаматтар мен бизнеске арналған ведомстволық AI-агенттерді eGov GPT-мен байланыста әзірлеу қажет, — деді министр.

Одан бөлек, жақын арада eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде да қолжетімді болады. Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, қызметтер санын көбейту ғана емес, оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды.

Осыған байланысты биылғы маусым айынан бастап заңнамалық деңгейде eGov пен Aitu мемлекеттік маңызды сервистеріне тарифсіз қол жеткізуге жағдай жасалды. Демек, ұялы телефон балансында қаражат болмаса да, әрбір азамат маңызды мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалана алады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында екенін жазғанбыз