eGov Mobile қосымшасында мүлікті ерікті сақтандыру сервисі іске қосылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — eGov Mobile мобильді қосымшасында мүлікті және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті ерікті сақтандырудың жаңа цифрлық сервисі қолжетімді болды, деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.

Қозоғистонда телефон рақамлари eGov  орқали берилиши мумкин
Фото: Kazinform

Жоба «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Tumar» сақтандыру брокері» ЖШС бірлесіп іске асырды және азаматтарға арналған цифрлық сервистер аясын кеңейтуге бағытталған.

Жаңа өнім пайдаланушыларға тұрғын үй жылжымайтын мүлкін және көршілер алдындағы жауапкершілікті толықтай онлайн форматта сақтандыруға мүмкіндік береді. Сервис тұрмыста жиі кездесетін негізгі тәуекелдерді, соның ішінде өртті, жарылысты және су басу салдарынан келтірілген залалды қамтиды. Рәсімдеу ай сайынғы жазылу форматы бойынша жүзеге асырылады, бұл қызметті икемді әрі қолжетімді етеді.

- «Tumar Home» сервисі енді eGov Mobile қосымшасында қолжетімді, осылайша азаматтар өз мүлкінің қорғалуын өздері қамтамасыз ете алады. Сақтандыруды рәсімдеу туралы шешім пайдаланушының өз еркінде, ал «ҰАТ» АҚ командасы серіктестермен бірлесіп сервистің мобильді қосымша экожүйесіне ыңғайлы әрі қауіпсіз интеграциялануын қамтамасыз етті», – деді «ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекманов.

«Tumar Home» сервисін қалай пайдалануға болады. Сақтандыру полисін рәсімдеу үшін пайдаланушыға:

  • eGov Mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өту қажет;
  • «Хабарламалар» – «Хабарландырулар» бөліміне өту керек;
  • «Tumar Home» сақтандыруы туралы хабарландыруды таңдап, сервисті ашу;
  • дербес деректерді өңдеуге келісім беру;
  • полисті рәсімдеуге қажетті мәліметтерді толтыру;
  • сақтандыру жарнасын төлеу қажет.

Сақтандыруға жазылу құны айына 1 500 теңгені құрайды. Төлемдердің жалпы сомасы 500 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде 250 000 теңгеге дейін мүлікке келтірілген залалды өтеуге, ал 250 000 теңгеге дейін үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеуге бағытталады.

Сақтандыру өнімін іске асыруға үш сақтандыру компаниясы қатысады: Freedom Insurance, Basel және Alatau City Garant. Таңдалған сақтандыру компаниясына қарамастан, пайдаланушылар үшін сақтандыру шарттары мен полис құны бірдей.

- Біз сақтандыруды цифрлық ыңғайлылықтың жаңа деңгейіне шығарғанымызға қуаныштымыз. «Tumar Home» – ең жиі кездесетін тұрмыстық тәуекелдерді қамтитын қарапайым, қолжетімді әрі тиімді өнім. eGov Mobile-мен интеграция пайдаланушылардың кең ауқымын қамтуға және сақтандыруды бірнеше қадам арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Tumar» сақтандыру брокері» ЖШС өкілдері.

Қазіргі кезеңде сервис жылжымайтын мүлікті енді рәсімдеген пайдаланушыларға қолжетімді. Меншік құқығын тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін олар eGov Mobile қосымшасында сақтандыруды рәсімдеу туралы ұсынысы бар хабарландыру алады.

Полисті рәсімдеу небәрі бірнеше минутты алады және толықтай цифрлық форматта, яғни қағаз құжаттарсыз жүзеге асырылады, бұл процестің қарапайымдылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сервис мемлекеттік электрондық қызметтер экожүйесіне интеграцияланған, бұл азаматтарға бір қосымша арқылы мүліктік және әкімшілік мәселелерді қатар басқаруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін «ЦОН» мобильді қосымшасында электронды сенімхат рәсімдеу бойынша жаңа сервис іске қосылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар