eGov-та адам ауруханаға түскен жағдайда жақындарына хабарлайтын сервис іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Енді eGov арқылы ауруханаға түскен жағдайда кімге хабарланатынын алдын ала таңдауға болады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
eGov.kz электрондық порталында және eGov Mobile мобильдік қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды.
— Егер адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен нашар сезінсе немесе басқа да себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өз бетінше хабарласа алмаса, енді оның емдеуге жатқызылғаны туралы өзі алдын ала таңдаған жақын адамдары хабардар бола алады. Осы мақсатта eGov порталында «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» жаңа қызметі пайда болды. Пайдаланушы емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлама жіберілетін сенім білдірілген үш адамға дейін көрсете алады, — делінген хабарламада.
Жаңа сервис Денсаулық сақтау министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы шеңберінде іске асырылды. Бұл шешім шұғыл емдеуге жатқызылған жағдайда алдын ала хабардар етілуі тиіс адамдардың тізімін белгілеуге мүмкіндік береді.
eGov.kz порталында:
* порталға авторизациядан өту;
* «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау;
* сенім білдірілген адамның ЖСН-ын көрсету қажет.
Сенім білдірілген байланыстағы адам 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.
— Одан кейін пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұрау салуды жібереді. Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы ұсыныс бар SMS-хабарлама келеді. Растау үшін жауап SMS-хабарлама арқылы 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі. Егер сенім білдірілген байланыс тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрау салуға қол қояды. Осыдан кейін тіркелген байланыс туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі, — делінген хабарламада.
eGov Mobile мобильдік қосымшасында сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан.
Пайдаланушы сенім білдірілген байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, жоғарыда сипатталған рәсімнен өтуі қажет. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.
Тіркеудің өзекті мәртебесі eGov.kz порталындағы «Менің бейінім — Жеке кабинет» бөлімінде, ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар — Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Айта кетейік, сервис жақын адамдардың жағдай туралы ақпаратты неғұрлым жедел алып, пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына мүмкіндік беру мақсатында құрылды.
Бұдан бұрын енді eGov GPT арқылы мемлекеттік қызмет алуға болатынын жазған едік.