Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Егіс науқаны – 2026: аптап ыстық пен қуаңшылық астыққа қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл аптап ыстық пен құрғақшылық қаупі бірқатар өңірдегі егінді сынаққа салды. Ауа райы өнімге қаншалықты әсер етті және агросектор климаттың жаңа жағдайына қаншалықты беймделіп жатыр? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға министрлік деректері мен сарапшылар бағасы арқылы жауап іздеді.

егін
Фото: Дарья Аверченко /Kazinform

Егіннің тағдыры ауа райына тәуелді ме?

Бір жыл бұрын Қазақстан рекордтық астық өнімін жинады. 2025 жылы 27,1 млн тонна астық бастырылып, оның 20,3 млн тоннасы бидай болды. Ал биылғы маусым ауа райының құбылмалылығымен ерекшеленді. Маусымда еліміздің басым бөлігінде температура климаттық нормадан 1–5 градусқа жоғарылап, күндіз +30…+38 °С-қа, оңтүстіктің кей жерлерінде +43 °С-қа дейін жетті. Шілдеде де аптап сақталып, температуралық рекорд жаңарды.

Дегенмен бұл жағдай елдің барлық өңіріне бірдей әсер еткен жоқ. Оңтүстік пен орталықта ыстық басым болса, батыста Атлант циклондарының ықпалымен ауа райы салқын әрі жауын-шашынды болды. Кей аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан 2–5 есе асып түсті.

Тамызда да өңірлер арасындағы айырмашылық сақталмақ. Солтүстікте найзағайлы жаңбыр мен температураның құбылуы күтілсе, оңтүстік пен батыста ыстық жалғасады. Маңғыстауда жекелеген күндері +39…+44 °С, Атырауда +41 °С, Жамбыл облысында +42 °С болуы мүмкін. Сонымен қатар «Қазгидромет» Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында атмосфералық құрғақшылықты болжап отыр.

Демек, биылғы маусымның басты ерекшелігі – елді тұтас қамтыған қуаңшылық емес, өңірлердегі ауа райының әркелкілігі. Бұл егіннің жағдайын да біркелкі бағалауға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді және майлы дақылдар егістігінің басым бөлігін қанағаттанарлық күйде деп бағалап отыр.

Мұндай сынақтар бұрын да болған

Қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған құбылыс емес. Соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығы егін түсіміне бірнеше рет әсер етті. 2012 жылы бидай өнімділігі гектарына 7,9 центнерге дейін түсіп, бір жыл бұрынғы 16,6 центнермен салыстырғанда екі еседен астам азайды. 2021 жылғы аномальды қуаңшылықтан кейін бидай түсімі 11,8 млн тоннаны құрады.

егістік
Фото: Дмитрий Ерофеев

2023 жылы да көрсеткіштер төмен болды. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 9,7 ц/га, бидайдікі 8,5–8,6 ц/га шамасында қалыптасты. Алайда кейін жағдай түбегейлі өзгерді. 2024 жылы егін көлемі айтарлықтай өсіп, өткен жылы Қазақстан рекордтық 27,1 млн тонна астық жинады. Оның 20,3 млн тоннасы – бидай.

Бұл тәжірибе климаттық жағдайдың бір маусымда-ақ өнім көлемін айтарлықтай өзгерте алатынын көрсетеді. Сондықтан биылғы нәтижені бағалауда қазіргі көрсеткіштермен қатар, орақтың нақты қарқыны мен алдағы ауа райы да шешуші мәнге ие.

Орақтың нәтижесі қандай?

Биылғы орақ науқаны әдеттегіден ерте басталды. Бұған ыстықтың әсерінен дәнді дақылдардың ерте пісуі себеп болды. Қазір орташа өнімділік гектарына 16,4 центнерді құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі 14,8 центнерден жоғары тұр. Жауапты ведомтсво мұны агротехнологиялардың сақталуымен байланыстырады.

Егістіктің жалпы жағдайы әзірге тұрақты. Дәнді және майлы дақыл алқаптарының 99%-дан астамы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Алайда өңірлер арасында айырмашылық бар. Мәселен, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 87,2%, Павлодарда – 99,3%, Шығыс Қазақстанда – 98,8%.

Жекелеген аудандарда өнімділіктің төмендеуі байқалғанымен, зардап шеккен алқаптардың үлесі жалпы дәнді дақылдар егісінің 1%-ынан аз. Сондықтан министрлік әзірге бұл жағдайдың ел бойынша жалпы астық көлеміне айтарлықтай әсер етпейтінін мәлімдеді.

егін
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Орақтың қарқыны да өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Қазір 2,4 млн гектар немесе дәнді дақылдар алқабының 15,3%-ы жиналды. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш 1,2 млн гектар немесе 7,4% болған. Орташа өнімділік 15,8 ц/га болғанда, қазірдің өзінде 3,8 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы осы уақытта 1,8 млн тонна жиналған еді.

Алайда бұл – әзірге орақтың алғашқы нәтижесі. Жаппай жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Сондықтан түпкілікті көрініс негізгі алқаптар орылғаннан кейін ғана қалыптасады. «Қазгидромет» биыл жаздық бидай өнімділігі көпжылдық орташа көрсеткіш деңгейінде болады деп болжап отыр.

Өңірлердегі жағдай қалай ерекшеленеді?

Ел бойынша орташа статистика тұрақты көрінгенімен, ол нақты бір аудан немесе шаруашылықтағы жағдайды толық көрсете бермейді. Мұны Павлодар облысындағы ахуалдан аңғаруға болады. Мұнда 40 күннен астам уақыт бойы жауын-шашынсыз ыстық әрі құрғақ ауа райы сақталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егістіктің шамамен 10%-ы нашар, 78%-ы қанағаттанарлық, 15%-ы ғана жақсы жағдайда. Қазір арнайы комиссия зардап шеккен алқаптарды тексеріп, шығын көлемін анықтап жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялардың бірінің директоры Шыңғыс Ахмеров солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі ахуал жалпы статистикадан әлдеқайда күрделі деп санайды.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді дақылдар егістігінің 99%-ы жақсы жағдайда деп мәлімдеді. Бұл, шамасы, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарына, сондай-ақ Ақмола облысының жартысына қатысты болса керек. Өйткені павлодарлықтар қатты зардап шекті, қарағандылықтардың да жағдайы қиын. Шығыс өңір де қатты зардап шекті. Небәрі шамамен 30 мм жауын-шашын түсті, – деді Шыңғыс Ахмеров.

егін
Фото: ҚР АШМ

Оның айтуынша, жекелеген өңірлерде жағдайдың күрделілігі соншалық, кейбір шаруашылықтар, соның ішінде Павлодар облысында, зардап шеккен алқаптарды қайта жыртуға мәжбүр болған.

– Менің ойымша, ел бойынша бидай түсімі орта есеппен 13 млн тоннадан аспауы мүмкін. Өткен жылы 20 млн тоннадан астам өнім жиналған еді. Сондықтан төмендеу айтарлықтай болады деп ойлаймын, – деді Шыңғыс Ахмеров.

Егін көлемі азаюы мүмкін, бірақ тапшылық күтілмейді

Өңірлердегі ахуал әркелкі болғанымен, нарық әзірге астық тапшылығын күтпейді. Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов құрғақ әрі ыстық ауа райы кей өңірлерде өнімділікке кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте.

– Қалай болғанда да бидай түсімі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге, өңдеуге және экспортқа жеткілікті болады. Бірақ жағдай өзгеріп жатыр. Жаңбыр найзағаймен бірге жауып өтуде, сондықтан әзірге қандай да бір нақты болжам жасауға ерте. Бір нәрсе анық, өткен жылғыдай рекордтық өнім болмайды, – деді сарапшы Евгений Карабанов.

Оның айтуынша, аптап ыстық пен ылғал тапшылығы солтүстік, орталық және шығыс өңірлердің бірқатарында өсімдіктердің дамуын өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10–14 күнге жеделдеткен. Жаздық бидайда сүттену мен балауызданып пісу кезеңдері, арпада балауызданып және толық пісу фазалары байқалды. Солтүстік өңірлердің жекелеген аудандарында сұлы, арпа және бұршақ дақылдарын жинау басталып кетті.

Алайда ерте пісу әрдайым артықшылық емес. Ылғал тапшылығы кезінде вегетациялық кезеңнің қысқаруы дәннің толық қалыптасуына қажетті уақытты азайтып, өнімділік пен сапаға әсер етуі мүмкін.

Баға мен сапа: тағы қандай тәуекел бар?

Егін көлемінің өткен жылғы рекордтан төмен болуы автоматты түрде астық тапшылығына немесе бағаның күрт өсуіне әкелмейді. Нарыққа көршілес елдердегі астық бағасы, импорт пен транзит көлемі, экспорттық сұраныс пен валюта бағамы сияқты факторлар да ықпал етеді.

егін
Фото: ҚР АШМ

Шыңғыс Ахмеровтің айтуынша, ішкі нарықтағы бағаға бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр.

– Астық бағасы, былайша айтқанда, кей жерлерде алыпсатарлық сипатқа ие. Қазір баға жайы жайлы айту ерте. Көп нәрсе жыл соңына қарай айқын болады, – деп түсіндірді спикер.

Ал Евгений Карабановтың мәліметінше, қазір ішкі және экспорттық бағалар арасында алшақтық сақталып, сауда белсенділігі төмен. Сондықтан егін көлемі азайған жағдайда да ішкі нарықты астықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Дегенмен экспорттық сұраныс, импорт ағындары, валюта бағамы немесе нарықтағы ұсыныс өзгерсе, баға да құбылуы мүмкін.

Бұл ретте мәселе тек тоннада емес, астықтың сапасында. 2025 жылғы рекордтық өнімнің өзінде 1–3-сыныпты жұмсақ бидайдың үлесі 53% болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 56% еді. 4-сыныпты бидайдың үлесі 35%-ға жетіп, шамамен 12% өнім сыныпқа жатпайтын бидай болды. Биылғы ыстық пен ылғал тапшылығы сапалық көрсеткіштерге де әсер етуі мүмкін.

– Жауын-шашын жоқ, сондықтан дәннің толық піспей, семіп қалу ықтималдығы бар. Бұл өнімділікке әсер етеді, – деді маман.

Демек, биылғы егінді бағалауда басты өлшем тек жиналған көлем емес. Дәннің сапасы, оның нарықтағы бағасы мен өндірушінің одан алатын табысы да маңызды.

Климат өзгерісіне қалай бейімделуге болады?

Қазір агросектордың алдында климатқа бейімделу мәселесі тұр. Егін шаруашылығы саласындағы жетекші ғалым, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының агроландшафттық және бейімделмелі технологиялар зертханасының меңгерушісі Қанат Ақшаловтың айтуынша, қуаңшылық жағдайында бір ғана әдіске сүйену жеткіліксіз. Нәтиже бейімделу шараларының тұтас кешеніне байланысты.

егін
Фото: ҚР АШМ

– Климат тәуекелдерінің күшеюі жағдайында жергілікті топырақ-климаттық жағдайларға бейімделген, жоғары температура мен ылғал тапшылығына төзімді аудандастырылған сорттарға басымдық беруді ұсынамын. Ең жоғары тиімділікті жекелеген технология емес, кешенді тәсіл көрсетеді. Оған ылғал үнемдейтін технологияларды, топырақты минималды өңдеуді және тікелей себу (No-Till) әдісін қолдану, өсімдік қалдықтарын алқап бетінде сақтау, тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдалану, сондай-ақ егістікті аурулар мен зиянкестерден уақытылы қорғау жатады, – деп түсіндірді Қанат Ақшалов.

Ғалымның пікірінше, бейімделудің тағы бір маңызды шарты – егіс мерзімі мен сортты өңірдің нақты жағдайына қарай таңдау.

– Ең алдымен, өсіру технологияларын өңірдің нақты агроклиматтық жағдайларына бейімдеу қажет. Сорттың пісу тобына қарай оңтайлы себу мерзімдерін таңдауға ерекше назар аударған жөн. Себебі дәл осы фактор егістіктің қуаңшылыққа төзімділігін айтарлықтай айқындайды. Сонымен қатар ылғал үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану, топырақ құнарлылығын сақтау, егіс алқаптарын әртараптандыру және аудандастырылған, қуаңшылыққа төзімді сорттарды пайдалану маңызды, – деді ол.

Агросектордың жаңа стратегиясы

Ғалым ұсынған тәсілдер бір шаруашылықтың шешімдерімен шектелмейді. Климаттық тәуекелдердің күшеюі егіс құрылымынан бастап селекцияға дейінгі бүкіл аграрлық саясатты қайта қарауды талап етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және қуаңшылыққа төзімді сорттарды көбейту жұмыстары жүргізілуде. Отандық селекция мен тұқым шаруашылығына да басымдық берілген. Үкіметтің 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында дәнді, майлы, көкөніс және мал азықтық дақылдардың 108 жаңа сорты мен буданын шығару жоспарланған.

астық
Фото: freepik.com

Егіс құрылымындағы өзгеріс те осы бағытты көрсетеді. Биыл майлы дақылдардың алқабы 4,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға, жүгері 253,4 мың гектарға жетті. Ал бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарды. Соңғы үш жылда дәнді дақылдардың егіс құрылымындағы үлесі 73%-дан 66%-ға төмендеп, майлы дақылдардікі 18%-ға дейін өсті.

Оңтүстікте су ресурстарына түсетін салмақты азайту үшін дәстүрлі суармалы дақылдар – күріш пен мақтаның алқаптары да оңтайландырылып жатыр. Осылайша, аграрлық саясат біртіндеп дақыл құрылымын климат пен су ресурстарының мүмкіндігіне бейімдеуге бағыт алып келеді.

Алайда бұл өзгерістердің нәтижесі бірден көрінбейді. Қуаңшылыққа төзімді сорт шығару, егіс құрылымын өзгерту немесе су үнемдеу технологиясына көшу – бір маусымда шешілетін мәселе емес. Бұл өндірістік жүйені кезең-кезеңімен қайта құруды қажет етеді. Сондықтан биылғы орақ – тек аграршылар үшін емес, ауыл шаруашылығын климат тәуекелдеріне бейімдеудің бүкіл жүйесі үшін маңызды сынақ.