Егіске дайындық: 6 мың шаруаға 385 млрд теңгедей жеңілдетілген несие берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында 6,1 мың шаруаға 384,8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
— Егіс жұмыстарын ерте қаржыландырудың арқасында, шаруалар негізгі ресурстарды, яғни тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы техникасын қолайлы бағамен алып үлгерді. Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 480,6 млрд теңге сомасына 7 мың өтінім келіп түсті, оның 384,8 млрд теңгесіне 6,1 мың шаруа қаржыландырылды, — деді ол көктемгі дала жұмыстары жайлы баяндамасында.
Сондай-ақ министр шаруалар жеңілдетілген несиені 8 көзден ала алатынын атап өтті.
— Шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысуда (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, СҚО), оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінді. Олардың ішінде Ақмола, Қостанай және СҚО жеңілдетілген қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр, — деді Айдарбек Сапаров.
Осыған дейін елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жеткені белгілі болды.
Сонымен қатар биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жиналатыны хабарланды.