ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның статистиканы жетілдіру бағытындағы жұмысын бағалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының ұлттық статистикалық жүйесін нығайтуға арналған үш жылдық жоба аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары ресми статистиканың сапасын, ашықтығын және халықаралық салыстырмалылығын арттыруға бағытталған шолудың қорытынды кезеңін өткізді.
Жұмыс қорытындысы бойынша сарапшылар Қазақстанның жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштерін есептеу тәсілдерін жоғары бағалап, әлемде ай сайын ЖІӨ есептейтін елдер саны аз екенін атап өтті. Олар бұл тәжірибені зерделеуге қызығушылық танытты.
Сарапшылар деректердің баламалы көздерін енгізу, ақпарат сапасына баса назар аудару, респонденттердің есеп беру жүктемесін азайту арқылы деректер жинау үдерісін оңтайландыру және әкімшілік деректерді қолдану әлеуетін дамыту арқылы қайталануды болдырмау жұмысын жоғары бағалады.
Сонымен қатар сарапшылар Қазақстанның статистика саласындағы көшбасшы елдердің қатарындағы орнын нығайту үшін «цифрлық әл-ауқат» жөніндегі зерттеу жүргізу сияқты жаңа бағыттарды қарастыруды ұсынды.

2025 жылғы шілдеде ЭЫДҰ Қазақстанның Тиісті статистикалық практика жөніндегі ЭЫДҰ Кеңесінің ұсыным талаптарына толық сәйкес келетінін ресми түрде растады. Бұл маңызды халықаралық мойындау болды – Қазақстан осы стандартқа қосылған 44-ші қатысушы ел және ЭЫДҰ аймағынан тыс алғашқы серіктес мемлекет атанды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан статистикасына 105 жыл толғанын жазған едік.