Екі литрге дейін рұқсат: ЕО елдерінде қол жүгімен сұйықтық алып өту ережелері өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық комиссия қол жүгімен сұйықтық алып өту ережелерін жеңілдету туралы жариялады: енді жолаушылар өзімен бірге екі литрге дейінгі көлемдегі сұйықтық құтыларын алып өте алады, деп жазды АЗӘРТАДЖ.

АЗӘРТАДЖ хабарлағандай, бұл жаңа ережелер ЕО бекіткен арнайы сканерлер орнатылған әуежайларда ғана күшіне енеді.
Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Анна-Кайса Итконен бұл жаңа жүйеге біртіндеп көшу жоспарланып отырғанын және жолаушыларға ақпарат беруге әуежайлардың өзі жауапты екенін атап өтті.
Мұндай жағдай саяхатшылар арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін, әсіресе ұшып шығу және кері қайту кезінде әртүрлі талаптар қолданылатын болса. Мысалы, Милан қаласындағы Мальпенса әуежайының 1-терминалында екі литрлік құтыларға рұқсат берілсе, 2-терминалында — әзірге жоқ.
Қазіргі уақытта тек британдық Smiths Detection компаниясы шығарған бір ғана сканер түріне рұқсат берілген. Азаматтық авиация мәселелері жөніндегі Еуропалық конференция (ECAC) басқа өндірушілердің жабдықтарын сынақтан өткізіп жатыр. Сертификаттау аяқталғаннан кейін, Еуропалық комиссия сканерлер тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропа әуежайларында қол жүгіндегі сұйықтыққа қатысты шектеулер жеңілдеуі мүмкін екенін жазған едік.