Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Екі мемлекеттік архивке «Ұлттық» мәртебе беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру мәселелері жөніндегі Арнайы комиссияның отырысы өтті. 

Қазақстан Респубикасының Ұлттық архиві
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне аталған мәртебені беру туралы шешім қабылданды.

Комиссия архивтердің Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалады. Бұл ретте архив ісін дамытуға қосқан үлесі, тарихи-мәдени және ғылыми құндылығы бар құжаттардың сақталуын әрі қолжетімділігін қамтамасыз ету деңгейі, сондай-ақ материалдық-техникалық және цифрлық инфрақұрылымының жай-күйі ескерілді.

Айта кетейік, «Ұлттық» мәртебе қызметі мемлекет пен қоғам үшін айрықша маңызға ие мемлекеттік архивтерге беріледі.

Жаңа мәртебе аталған архивтердің еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, архив қорларын цифрландыру, құнды құжаттарды ғылыми айналымға енгізу және архив ісін одан әрі дамытудағы ерекше орнын айқындай түседі. Архивтерге жаңа мәртебе 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап беріледі. 

Айта кетелік Президент Ұлттық архивтің ұжымы мен ардагерлерін 20 жылдық мерейтоймен құттықтаған еді