Екі өңірде ауа райына байланысты көлік қозғалысы жылдамдығына шектеу енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» Ақмола және Қарағанды облыстарындағы жолдарда ауа райына байланысты жылдамдықты арттырмау туралы ескертті.
4 қараша сағат 00:30-дан бастап Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 30-92 шақырым аралығында (Жібек жолы ауылынан Анар стансасына дейін) көліктің барлық түрі үшін жылдамдық шектеуі 140 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетіледі.
4 қараша сағат 01:00-ден бастап Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92-164 шақырым аралығында (Анар стансасынан Теміртау қаласына дейін) көліктің барлық түрі үшін жылдамдық шектеуі 140 км/сағ-тан 80 км/сағ-қа дейін төмендетіледі.
Жылдамдық режимін 2025 жылғы 4 қараша күні сағат 09:00-де қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұл ауа райының тұрақтануына және қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне байланысты жүзеге асырылады.
Бұған дейін «Астана – Көкшетау – Петропавл» автожолының белгілі бір бөлігінде сағат 16:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты жылдамдық шектеуі 110-нан 80 км/сағ дейін төмендетілгенін жазғанбыз.