Екібастұз тұрғындары кеніштегі көмірдің үнемі жанып жататындығына шағымданды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Адамдар кеніштегі улы түтінді жұтып жұмыс істеуге мәжбүр болып жүргендерін жеткізген. Ал кәсіпорын қосымша зиян үшін мардымсыз төлемақы беріп отырған көрінеді. 

Екібастұз тұрғындары кеніштегі көмірдің үнемі жанып жататындығына шағымданды
Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Екібастұздағы «Шығыс» кенішінде көмірдің ашық аспан астында үнемі бықсып жанып жататындығы туралы бейнежазба тарап кетті.

— Экологтар әзірге Екібастұз қаласында түтіннің пайда болу себебін түсіндіре алмай отырғанда, «Шығыс» кенішінде көмірдің жануы жалғасып жатыр. Көмір айлап жанып жатыр. Улы, қою түтін айналаны басып кетеді. Адамдар бұл жағдайда күнделікті жұмыс істейді, бірақ қосымша зиян үшін оларға кәсіпорын аз төлейді. Түтін, жану, шаң — мұның бәрі күнделікті «нормаға» айналды, дегенмен бұл денсаулыққа тікелей әсер етеді. Респираторлар құтқармайды және уақыт өте келе улы түтіннің салдары аса ауыр болуы мүмкін, — деп жазды шағымданушылар желіде.

Тұрғындар оның үстіне Екібастұз қаласын өткен жаздан бері түтін басып тұрғанына шағымданған. Айтуларынша, халық қандай ауамен тыныстап отырғандарын білмейді. Бірақ олар жағымсыз иісті жақсы сезеді.

— Шындықты ешкім айтқысы келмейді. Экологиялық қызмет болып жатқан оқиғаларды елегісі келмейтін түр байқатып отыр. Тексерулер өткізіліп жатқан сияқты, бірақ олар бұл жағдайды көрмейді немесе көргісі келмейтіндей, — деген шағымдарын жеткізді көпшілік.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов аталған жайтты мекеме мамандары назарға алғанын хабарлады.

— Аталған шағым департаментте тіркелді. Қазіргі уақытта «Шығыс» кенішіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім шығып, ол прокуратурада тіркеуден өтуде. Одан соң бірден тексеру іс-шараларына кірісеміз. Ол шамамен 10 күндей уақытты алуы ықтимал, — деді департамент өкілі.

Оның сөзінше, көмір кеніштеріндегі түтін мен шаң-тозаңның қалаға жетуі неғайбыл. Себебі кеніштер төмен орналасқан. Екібастұзға жел бағыты өзгерген уақытта ГРЭС-тердің түтіні жетуі мүмкін. Бірақ былтыр тұрғындардың шағымынан соң экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК филиалының мамандары қалада ауа мониторингін жүргізіп, шекті рұқсат етілген концентрация мөлшерінің артуын анықтамаған. Ендігі мезетте мұндай мониторинг тағы жүргізіледі.

Ал «Шығыс» кенішіне иелік ететін «ЕЭК» АҚ биылғы қыс Екібастұз өңірінде аномальді сипатқа ие екенін, кеніште өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында өздігінен қызып жанған көмір ошақтарының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді. 

— Жою жұмыстарына қатысқан қызметкерлерге зиянды еңбек жағдайы үшін төлемдер жасалып, арнайы тамақтану ұсынылды. Тау-кен өндірісі технологиясында бұрғылау-жару жұмыстары жүргізілетіні мәлім, оның барысында айтарлықтай шаң мен түтін бөлінеді. Жоғары қысым кезінде және желсіз ауа райында уақытша қолайсыздықтар қалыптасады, — деп хабарлады кәсіпорыннан.

Еске сала кетейік, Павлодар өңірінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 77 дерегі анықталған

Соңғы жаңалықтар