Екібастұз тұрғындары санитарлық талапты ескермеген мейрамханаға шағымданды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жақын маңдағы үй тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде тексеру жүргізген.

Тұрғындар шағымдарына санитариялық нормалардың бұзылғанын дәлелдейтін материалдарды да қоса ұсынған.
– Тексеру нәтижесінде мейрамхана аумағында қалдықтарды жинауға арналған қақпағы жоқ екі металл бөшкенің бары, жабық контейнерлердің болмауы, дезинсекция және дератизация жұмыстарының жүргізілгенін растайтын құжаттардың жоқтығы, сондай-ақ қатты тұрмыстық және тамақ қалдықтарын шығаруға қатысты келісімшарттардың ұсынылмағаны анықталды. Осыған байланысты Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Алайда мейрамхана иесі бұл шешіммен келіспей, нұсқаманы заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді, – деп хабарлады №2 облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметінен.
Сот отырысында жоспардан тыс тексерудің Кәсіпкерлік кодексте көзделген негіздерге сай жүргізілгені анықталды. Сондай-ақ тексеру барысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» бұзылғаны расталды.
Мейрамхана иесінің тексеру акті мен нұсқамада мекенжайдың дұрыс көрсетілмегені туралы уәжі сотта негізсіз деп танылды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында Екібастұзда тойға жиналған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалды.
Кейін тойда уланғандар мейрамхана иесінен 6 млн теңге өтемақы талап етті.
Сот шешімінен тамақтан уланғандарға мейрамхана иесі 5 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды.
Ал сәуір айының соңында азаматтардың жаппай улануына қатысты сот үкімі шықты.