Екібастұз ЖЭО «70/30» моделі аясында жаңғыртылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, елдің энергетикалық инфрақұрылымын «70/30» моделі бойынша жаңғыртуға және кеңейтуге жеке инвестицияларды тарту механизмін енгізбек. Бұл туралы ЖИ министрлігі мәлім етті.
Бұл механизмді іске асырудың құқықтық негізі телекоммуникация нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі қабылданған заңмен қаланды. Онда деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық объектілерге жатқызылды, бұл деректерді өңдеу орталықтарының операторлары мен цифрлық майнерлерді электр энергиясын ұзақ мерзімді тұтынушылар ретінде тарта отырып, генерациялау қуаттарын жаңғыртуға және кеңейтуге жеке инвестицияларды тартуға жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы жариялаған ЖИ жылында сапалы есептеу қуаттарына және тұрақты энергетикалық базаға деген қажеттілік басым міндетке айналуда. Ұсынылып отырған тәсіл мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсірмей және инвестициялық шығындарды халыққа арналған тарифтерге қоспай, жаңа генерациялау қуаттарын жеделдетіп іске қосуға бағытталған.
— Механизм бойынша жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту, қайта жаңарту немесе кеңейту кезінде қосымша құрылған электр қуатының 70%-ын деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық майнерлерді қоса алғанда, көлемді электр энергиясын тұтынушыларға тікелей сатуға болады. Жаңа қуаттың қалған 30%-ы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне бағытталатын болады, — делінген хабарламада.
Бұл тәсілді іске асыру энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жеке капиталды тартуға, қолданыстағы генерациялау объектілерін жаңғыртуды қамтамасыз етуге, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға және экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамытуға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
— «70/30» моделі — бұл инвестициялық шешім және цифрлық экономикамыздың энергетикалық тәуелсіздігінің іргетасы. ЖИ-ді толыққанды дамыту және бәсекеге қабілетті деректерді өңдеу орталықтарын салу үшін біз генерацияның озық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл механизм азаматтарға арналған тарифтерге жүктеме түсірмей, инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке капиталды тартуға мүмкіндік береді және «Digital Qazaqstan» стратегиясының мақсаттарын жүзеге асыруға серпін бермек, — деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
Аталмыш механизм халықаралық инвесторлар тарапынан қызығушылық тудырды. Қазіргі таңда Екібастұз жылу электр орталығын «70/30» моделі аясында жаңғырту және кеңейту жобасын жүзеге асыруды қарастырып жатқан мүдделі инвестор да бар.
Жоба генерациялау қуаттарын кезең-кезеңімен арттыруды, жаңа энергетикалық инфрақұрылым салуды, сондай-ақ қаланы жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.
Техникалық тексеру нәтижелері бойынша жобаны станцияның қолда бар әлеуетін пайдалана отырып, тұрақты жылумен жабдықтауға нұқсан келтірместен жүзеге асыру мүмкіндігі расталды. Қазіргі уақытта мүдделі тараптармен бірлесіп ұйымдастырушылық, техникалық және инвестициялық мәселелерді пысықтау жалғасады.
«70/30» моделін енгізу елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Ол салаға қосымша инвестициялар тартуға, жаңа генерациялау қуаттарын құруға және цифрлық экономика мен Қазақстан Республикасының энергетикалық жүйесінің қажеттіліктері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдан бастап электр энергиясы профицитін қалыптастыруды жоспарлап отыр.