Екібастұзда КамАЗ бен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жол-көлік оқиғасынан тағы бір адам жарақат алған. Полиция қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 12 желтоқсан күні «Екібастұз–Солнечный» автожолының 10-шы шақырымында тіркемесі бар Камаз жүк көлігі қарсы жолаққа шығып, Great Wall автокөлігімен соқтығысқан.
- Көктайғақ салдарынан екі көлік те жол жиегіне шығып кетіп аударылған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Камаз жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөліктер арнайы айыптұраққа қойылды, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатынын айтады.
Полицейлер жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларына жылдамдық режимін қатаң сақтауды, көлік құралының техникалық жағдайын бақылауды және ауа райы өзгергенде сақ болуды ескертеді.
Еске сала кетейік, Павлодарда УАЗ көлігі трактор тіркемесімен соқтығысып, жолаушы көз жұмды.