Екібастұзда мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарын ойнаған
АСТАНА. KAZINFORM – Екібастұзда мемлекеттік қызметшілер құмар ойындарға қатысқаны үшін әшкереленді.
Қала прокуратурасы әкімдік мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар заңнамалық тыйымға қарамастан букмекерлік кеңселерде белсенді шоттарға ие болған.
— ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісінің жеке шоты бойынша айналым 6,8 млн теңге болған.
Ұқсас заң бұзушылықтар ауылдық округ әкімі, Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары, сондай-ақ қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің жеті қызметкері тарапынан да анықталды, — делінген прокуратура хабарламасында.
Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша барлық құқықбұзушылық фактілері жөніндегі материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды.
Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауға бақылауды әлсіз жүргізгені үшін қала әкімі аппаратының жауапты басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетелік Ақтөбеде құмар ойынға салынған әскери қызметші жұмысынан айырылған еді.