Екібастұзда суды заңсыз алып келген шаруашылықтар анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласының прокуратурасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су ресурстарын пайдалану кезінде заңнама талаптарын бұзғанын тіркеді.

суару
Фото: Pixabay

Жекелеген шаруашылық субъектілері арнайы су пайдалануға құқықтарын тиісті түрде ресімдемеген. Олар ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін сорғы және тамшылатып суару жабдықтарын пайдалана отырып, жалпы алаңы 2 мың гектардан астам жерден су алғаны анықталды.

— Нәтижесінде 20 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Прокуратураның енгізген қадағалау актісін қарау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылды. Бюджетке су ресурстарын пайдаланғаны үшін 8 млн теңгеден астам қосымша төлем есептелді. Төрт ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен арнайы су пайдалануға арналған шарттар жасалып, тиісті рұқсаттар алынды, — дер хабарлады өңірлік прокуратурадан.

Сонымен қатар, шаруашылықтардағы су есептеу құралдары ауыстырылған. Бұл нақты су алу көлеміне дұрыс бақылау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Еске сала кетейік, прокуратураның ықпалымен Қостанай облысындағы ауылда ауыз су тарифі 45 еседен астам төмендетілді.