Екібастұзда жылу тарифі неліктен өзгереді
Екібастұзда 1 ақпаннан бастап барлық тұтынушы үшін жылу тарифінің бағасы өзгереді. Кейінгі үш айда кеншілер қаласындағы жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жоба жұрт арасында қызу талқыланып, жергілікті тұрғындар өзгерістерге келіспеушілік танытқан еді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті жылу кәсіпорнының алғашқы екі өтінімін кейін қайтарғанымен, үшіншісін мақұлдады. «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-нің тарифтерін өсіруге не себеп болды? Өзгеріс тұтынушылардың қалтасына салмақ салмай ма? Сауалдарымызға Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов жауап берді.
- Нұрлан Әуелбекұлы, Екібастұз халқы жылу тарифтерінің өскеніне алаңдап отыр. 2022 жылдың қараша айындағы төтенше жағдайдан кейін жергілікті жылумен қамту орталығының жағдайы мәз болмай тұрғаны мәлім, стансаның жұмысы қайта-қайта кідіре береді. Тұтынушылар тарапынан жылудың сапасына қатысты шағым да көп. Осыған қарамастан монополистің тарифті өсіруіне қандай факторлар себеп болып отыр?
- Табиғи монополияның кез келген түріне жаңа тариф енгізудің өзіндік экономикалық негіздері болады. «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-де тариф соңғы рет 2021 жылы бекітілген. Ол 2020 жылдың нақты шығындарын есептей келе нақтыланған ғой. Кейін ол тариф 2022 жылы қайта қарастырылуы тиіс болған. Алайда сол жылы қараша айында Екібастұздың жылу жүйесінде үлкен апат болып, қаланың көп үйлері қыстың аязында қатып қалды. Шаһарда төтенше жағдай болуы себепті тарифті қарастыру мәселесі кейінге шегерілді. Өткен жылы бұл мәселе қайта қозғалып, кәсіпорын жылу тарифін өсіру бойынша 2024-2028 жылдарға арналған жобасын ұсынды. Алғашқы екі өтінімді біз табиғи монополиялар туралы заңға сәйкестігін тексердік. Алайда оның кейбір тұстары заңға томпақ әрі негізсіз екені анықталды. Соған орай әрі қарай қарастырудан бас тарттық. Компания басшылығы өтінімді жаңадан түзіп, жіберуге толық құқылы болған. Сөйтіп үшінші өтінімді қарастыра келіп, оның кәсіпорынның негізгі шығындарын жабуға арналғанына көзіміз жетті.
Тариф мәселесін талқылағанда қарапайым тұтынушылар біле бермейтін жайттар бар. Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін. Мысал үшін, сіз үйіңізді қыста жылытқанда пешке пайдаланылатын көмір мен электр энергиясының бағасы қосымша шығын болатыны анық қой. Тариф деген - сол шығындардың жиынтығы. Көмір мен электр қуатының құны жыл санап өсіп келе жатқанын жасыра алмаймыз. Бірақ жылу кәсіпорындарында тарифқұраушы факторлар көп. Оның негізгі шығындары ретінде ең әуелі сатып алынатын көмір, электр энергиясы және қызметкерлердің еңбекақысы екенін атап өткім келеді. Жылу орталықтары үшін ең негізгі стратегиялық тауар – көмір.
2021 жылы кезекті тариф бекітілгенде көмірдің бір тоннасы 2 000 теңге болса, қазіргі күні ол 2953 теңгеге жеткен. Ал алдағы сәуір айынан кәсіпорын көмірдің тоннасын 3 089 теңгеден сатып алады, себебі өндірушінің белгілеген бағасы сол. Түптеп келгенде, тек көмір бойынша шығындар соңғы 3 жылда 50 пайызға артқан. Бұл – бір фактор.
Екіншіден, жылу кәсіпорнындағы жалақының орташа мөлшері отандық энергетика саласындағы жалақыдан едәуір төмен. Салдарынан стансадан білікті мамандар кетіп жатыр, кадр тұрақтамаушылығы жиілеген. Орташа жалақы – 197 мың теңге. Ал республикамыздың осы саласында статистикалық деректер бойынша бекітілген орташа жалақы қазіргі сәтте 321 мың теңге болуы керек. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан қызметкерлердің еңбекақысын көтеру де негізгі фактор ретінде есепке алынды. Бұдан басқа электр қуатының, өндіріске қажет қосалқы жабдықтар құнының қымбаттауы, амортизациялық шығындар, кәсіпорынның алдағы жылға қарастырып отырған инвестициялық бағыты да ескерілді.
- Сонда кәсіпорын тарифтің көтерілуінен қанша пайда көреді?
- Табиғи монополиялар заңына сәйкес, тарифтен келіп түсетін пайда ол – субъекті үшін ешбір кіріс көзі емес. Ол – тек шығындарын жабатын қаржы құралдары ғана. Тарифті ұлғайту нәтижесінде кәсіпорынның қосымша шығындары қазіргі 5 млрд теңгеден 7,1 млрд теңгеге артқалы отыр, яғни, өндіріс орнының мүмкіндіктері кеңейеді.
Біздің комитет өз кезегінде тарифтің өсуінен пайда болатын қосымша 2,1 млрд теңгенің іске жаратылуын бақылап, жыл аяқталған соң монополистен есеп алады. Монополист тарифтен келіп түскен әр тиын үшін жауапты.
«Екібастұз жылу-энергоның» кейінгі 3 жылдағы мына шығындарын есепке алмай болмайды: мазут пен көмірге жұмсалатын шығын 955 млн теңгеден 1,56 млрд теңгеге, электр энергиясы шығындары 189,7 млн теңгеден 334 млн теңгеге, еңбекақы төлемдері 1,7 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге өскен. Біз осы факторлардың негізінде минимальді түрде тарифті арттыруға мәжбүр болдық.
- Жаңа тариф жеке тұтынушылар үшін ауыртпалық тудырмай ма?
- Тариф ставкалары тұтынушылардың әр тобына орайластырып әзірленген. Негізгі салмақты бюджеттік мекемелер көтереді. 1 гигакалория жылу үшін тарифтің орташа деңгейі 41,2 пайызға өсіп, 7 880,63 теңге болып отыр. Жеке тұрғындар үшін орташа тариф өзгеріссіз қалса, бизнес субъектілері үшін ол 30 пайызға өсті. Жаңа тариф бойынша есептегіш құралдары бар абоненттер ақпан айынан бастап қазіргі 1 807,89 теңгенің орнына 2 554,16 теңге төлейтін болады. Тариф 41,38 пайызға немесе 746,27 теңгеге көбейіп отыр. Ал үйлерінде ортақ есептегіш құралдары жоқ жеке тұтынушылар үшін тариф бұрынғыша 1 Гкал үшін 3 337,64 теңге болып қалды. Бірақ есептей келгенде, соңғы тариф тұтынушыларға бәрібір қолайлы емес. Есептегіш қойған үйлер оларға қарағанда аз төлейді. Бұл бір жағынан үй иелерін есептегіш құрал орнатуға ынталандырудың үлгісі.
Ал, бизнес өкілдері үшін тариф мөлшері 27,6 және 69 пайызға өсті. Алғашқы аталған пайыздық өсім есептегіш құрал орнатқандарға арналған. Цифрмен айтқанда, есептегіш құрал қондырғандар 1 Гкал үшін 10 712,1 теңге (қолданыстағы тариф – 8 393,63 теңге), есептегішті елемей отырғандар 14 185,3 теңге (қолданыстағы тариф – 8 393,63 теңге) төлейді.
Мемлекет тарифтің негізгі салмағын өзіне алып отыр. Бюджеттік ұйымдар үшін ол орташа есеппен 94 пайызға қымбаттады. Есептеу құралы барлары 1 Гкал жылу үшін 47 701,5 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 88%), есептегіш орнатпаған мекемелер 73 911,1 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 191%) төлейді.
Есептей келгенде, жоғарыда айтқан 2,1 млрд теңге бекітілген шығындардың тек 100 млн теңгесі немесе 5 пайызы ғана жеке тұтынушыларға тиесілі. Ондай абоненттер саны – 48 106. Ал шығындардың 81 пайызын (1,7 млрд теңге) бюджеттік ұйымдар көтергелі тұр.
- Әңгімеңізге рахмет!