Екібастұздың ірі электр станциялары қысқа дайындалып жатыр: Энергетика министрлігі бақылауды күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM - Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Екібастұз ГРЭС-1 станциясына барып, алдағы күзгі-қысқы кезеңде еліміздің ірі энергия көздерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.
ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңеске «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, Екібастұз ГРЭС-1, Екібастұз ГРЭС-2, «ЕЭК» АҚ, Павлодар облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығы қатысты.
Кеңес барысында электр станцияларының ағымдағы жұмыс көрсеткіштері, жөндеу бағдарламаларының орындалуы және жабдықтардың пайдалану сенімділігін арттыру шаралары қаралды.
Өткен жылыту маусымындағы энергия нысандары жұмысының мониторинг нәтижелеріне ерекше назар аударылып, соның қорытындысы бойынша технологиялық бұзушылықтарды азайтуға және жабдықтардың тұрақты жұмысын арттыруға бағытталған қосымша техникалық және өндірістік бақылау шаралары айқындалды.
Комитет төрағасы Екібастұз энергия торабындағы жүйе құраушы электр станциялары еліміздің тұрақты энергиямен жабдықталуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, оларды дайындау мәселелері Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында екенін айтты.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Екібастұз ГРЭС-1 станциясында бір энергоблок күрделі жөндеуденөтіп жатыр, Екібастұз ГРЭС-2-де де бір энергоблокта жөндеу жұмыстары жүргізілу үтінде. Өз кезегінде «ЕЭК» АҚ бір энергоблоктың күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтады.
-Негізгі міндет – жабдықтардың жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету. Барлық жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес және сапа мен сенімділік талаптарын сақтай отырып орындалуы тиіс, – деп атап өтті Ержан Ертаев.
Кеңес қорытындысы бойынша электр станцияларының басшылығына жөндеу жұмыстарының уақтылы әрі сапалы орындалуына жеке бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Комитеттің аумақтық департаментіне энергия көздерінің күзгі-қысқы кезеңге дайындығына апта сайын бақылау жүргізу жүктелді.
Жұмыс сапарының соңында Ержан Ертаев Екібастұз ЖЭО-сына да барып, жөндеу науқанының барысы мен жылу көзінің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.
Осыған дейін Үкіметте өткен кеңесте вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев жылыту маусымының қалыпты өтуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырған болатын.