Екі астаналықтан 263 мыңнан астам теңгенің контрафактілік өнімі тәркіленді

Шара барысында қызметкерлер контрафактілі өнімдерді заңсыз сатып жүрген Астана қаласының екі тұрғынын анықтады. Олардан 263 100 теңгенің 877 дана дыбыс-бейне жазба өнімі тәркіленді. Бұл туралы елорданың аstana.kz ресми сайтынан хабарланды.
Тәркіленген өнім мен ұсталған адамдар қылмыстық іс-жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес іс-жүргізу шешімін қабылдау үшін ішкі істер органдарына жеткізілді.
Тоқтала кететін жайт, авторлық құқықты қорғау жөніндегі мұндай рейдтер қалада тұрақты өткізіліп тұрады. Мәселен, жақында Бөгенбай батыр даңғылы мен Қошқарбаев көшесі қиылысындағы жерасты жолында контрафактілік өнімдер мен порнографиялық дискілер сатып жүрген азамат ұсталды.
Астана қаласының Әділет департаменті зияткерлік меншік бөлімінен хабарланғандай, мұндай заң бұзушылықтар үшін 100-ден 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.