«Екі аяғымен мектепке баруды армандаймын» дейді 14 жасар жеткіншек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Он төрт жасар Жамбыл кезінде доп қуып, асыр салып ойнап жүрген көп баланың бірі еді. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жеткіншектің спорттың бұл саласында жетістіктері де жоқ емес.
Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарған Жамбылдың болашағынан үлкендер де көп үміт күткен-ді. Алайда, бүгінде биік асуларды бағындыруға бел буған бала Жамбылдың армандары қол жетпес қияға алыстап кеткендей.
Жақында Жамбыл облысының тумасы Жалғас Жамбыл Алматы қаласындағы онкологиялық ғылыми зерттеу институтының педиатрия бөлімінде ем қабылдап, үйіне оралды. Өйткені, жаңа оқу жылы жақындап қалған еді. Яғни, ол қатарынан қалмай мектепке баруы керек-тін. Өкінішке қарай, Жамбылдың «өз аяғыммен мектепке барсам деген жалғыз тілегі» енді кемі алты айға созылатын түрі бар. Бұл туралы біз Жамбылдың халін білу мақсатында ата-анасына хабарласқанда кезде естіп, білдік. «Баламызды кеше ғана үйге алып келген едік. Бірақ, Алматыдағы ауруханада аяқ асты жағдайы нашарлап, бір күн жансақтау бөлімінде жатты. Осыған байланысты дәрігерлер баламыздың мектепке баруына рұқсат бермеді. Кемі алты ай үй жағдайында білім алсын дейді. Сондықтан, оның мектепке өз аяғыммен барсам деген арманын орындай алмай отырмыз» деп ауыр күрсінді.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында бір аяғынан айырылған Жамбылдың мұндай күйге түсуіне тізе сүйегінің шытынап сынуы себеп болған. «Футбол ойнап, жарыстарға жиі шығып жүретін. Осындай күндердің бірінде абайсызда оң аяғының сүйегі шытынап, сызат түскен. Сол сызат уақыт өте сыр беріп, дәрігерлер оған сан саркомасы деген диагноз қойды. Дәрігерлер мен бейтаныс жанашыр жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, олар қолдан келген көмектің бәрін жасады. Баламызға жасанды аяққа және еміне қажет қаражатты жинауға да жан-жақты атсалысты. Әсіресе, Республикалық протездік-ортопедиялық орталықтың басшысы Гүлбаршын Бейсекқызы мен әлеуметтік желі арқылы баламыздың ем-домына қажетті қаражаттты жинауға көмектескен Эльмира Алиева атты қарындасымның жасаған жақсылығын еш ұмытаймыз» - деді Жамбылдың әкесі. Біз Жамбылға қол ұшын берген осы адамдарды тауып, солардың пікірін білген едік. Эльмира, Жамбыл ем қабылдау барысында біздің әлеуметтік желі арқылы көптеген науқасы ауыр жандарға қаржылай көмек жинауға жәрдемдесетініміз жайлы естіп, менен көмек сұраған еді. Шынымды айтсам, алғаш баланың өтінішін естігенде теріс айналып кеткім келді. Іштей, өз-өзіме қиын жағдайға тап болғандардың бәріне көмектесу мүмкін емес қой. Қайырдымдылық қорлары, мемлекет бар емес пе? Неге олар балалардың армандарын орындауға көмектеспейді. Өзімнің де төрт балам бар. Оларға да уақыт бөлуім керек қой деген ойға келдім. Алайда, теріс айналып кетуге дәтім бармады. Үнсіз телефонымның камерасын іске қостым да Жамбылға күлімсіреп, «сен міндеті түрде мектепке балдақпен емес, екі аяқпен барасың» дедім. Өйткені, бұл Жамбылдың ең үлкен арманы. Ол: «түсімде екі аяғыммен мектепке барыппын. Ешкім мені бұрынғыдай, қолдарын шошайтып көрсетпейтін болыпты» деп айтып жатқанын құлағым шалып қалған. Осылайша, Жамбыл жағдайы жайлы әлеуметтік парақшамда жариялап, қайырымды жандардың көмек қолын созын сұрады. Елімізде бөтеннің қайғысына қарап отырмайтын, қайырымды жандар баршылық екен. Бұл жолы тағы осыған көзім жетті» - дейді. Ал, Гүлбаршын Тынәлинаның айтуынша, бұл мекемеге адамдар басына түскен қайғы-қасіретімен келеді, бұл психологиялық тұрғыда, шынында, ауыр тиіп жатады. Барлық пациенттердің тарихы - ол ерліктің, батылдықтың, мойымаушылықтың тарихы. 14 жасар бала жайлы олар әлеуметтік желі арқылы білген. «Ол бірінші қырқүйекте мектепке балдақпен емес, кәдімгі адамдай екі аяғымен жүріп баруды армандайтынын айтыпты. Осыны оқығанда алаңсыз отыра алмадық. Ұжым болып ақылдасып, «Жамбылға қолдан келген көмегімізді берейік» - деп бірауыздан шешім қабылдадық. Жалпы протез жасап беру бағасы 800 мың теңге болады. Бұл соманы бес балалы жанұяның қалтасы көтермейтіні айтпаса да белгілі ғой. Сөйтіп, күрделі протезді жұмыстан тыс кезде жинақтадық, барлық шығынды өзіміз көтердік. Бұйырса, Жамбыл ел қатарлы мектепке екі аяғымен баратын болады. Осындай балалардың көзіне көзің түскен кездегі көңіл-күйіңді, сезімдеріңді сөзбен жеткізу қиын» - дейді мейірімді маман.