Екі аяқ киім тозды, шаяндардан шошып ояндым – Қытайдан жаяу жеткен марафоншымен сұхбат
- Есбол Асқарұлы, Астанаға қош келдің! Жеңісің құтты болсын! Сапар қалай өтті?
- Жаяулатқан бұл сапарым менің ойлағанымнан жеңіл болды. Жолдағы ағайынның ықыласы, мейірімі, тілекші болуы маған ерекше күш-қуат берді. Қазақ еліне өткелі ерекше әсердемін. Жолдағы адамдарың бәрі жақсы қарсы алып, шығарып салып жатыр. Қазақтың дәстүрімен қымыз, бауырсақ алып шығып, күтіп алғандары бар. Кейбіреулері менімен жолдас болып, жүздеген шақырым еріп отырды. Бәріне ризашылығымды жеткізгім келеді.
- Жолда қандай қиындықтар болды?
- Әрине, «жол азабын жүрген білер» деген ғой. Қиыншылықтар аз болған жоқ. Ең негізгісі – ауа райының қолайсыздығы. Кей өңірлерде күннің ыстығы қатты болып маңдайдан өтсе, кей уақыттарда суық ұрып, тұмауратып қалған күндерім де болды. Одан бөлек, елсіз жерде түнеу біршама қиындау. Тамақтың таусылып қалған кездері өз алдына бөлек. Тағы бір мәселе – жолда көп жерлерде телефон, интернет байланысы жоқ. Бұл да мен секілді жаяу-жалпылаған, жалғыз-жарым адамға үлкен қысым екен. Бір жолы сондай елсіз далада көпір астында түнеуге тура келді. Сол жерде жылқының тезегенің үстінде жаттым. Қатты шаршағаннан лезде ұйықтап кеткен едім. Алайда, асты толған шаян екен, түн ортасында шошып оянып, амалсыз жиналып, жолға шығып кеттім. Иен далада жүріп, ит-құстың ұлығанын естіген кезім де әлі ойымнан шықпайды.
- Бұл марафонды бастау идеясы қалай туды?
- 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға барған сапарында телеарнадан сұхбатын көрдім. Ол кісінің қазақ тілінде айтқан қандастар туралы сөзі мені қатты тебірентті. Сол кезде мен осы сапарды армандаған едім. Міне, Астана топырағын басып тұрмын, ерекше тебіреністемін. Қиындықтың бәрі артта қалды. Бұл сапарым алыстағы ағайынның елге деген сағынышының, махаббатының, ықыласының көрінісі деп білерсіздер.Батыр бабаларымыз қалдырған ұлан-байтақ жерді табаныммен басып келдім. Қазағымның ғажайып табиғатын көрдім, мүмкіндігінше барлығын естелікке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап келемін. Қытайдағы қандастар арасында жарияланымдарымның таралымы көбейіп, барлығы ерекше қызығушылық танытып жатыр.
- Сапарға шығар алдындағы бір сөзіңде оқырмандарыңа «әрбір қадамымды тек жермен басып баруға уәде беремін» деген едің. Сол сөзіңде тұрдың ғой енді?
- Әрине! Сол уәдемді орындадым. Ауылға бұрылып кіріп-шыққан кездердің өзінде, күтіп алған кісілердің қолпаштағанына қарамай, ұсынған көлігіне отырмай, жаяу жүрдім. Ешкімді ренжітпес үшін, өзімнің осы сөзімді тағы қайталап жүрдім. Оған барлық жолдағы ауыл тұрғындары куә.
- Жол бойы қанша аяқ киім тоздырдың?
- Екі аяқ киімді тоздырдым, жолда қалды. Мынаның да жағдайы белгілі болып қалды.
- Бұған дейін қандай марафондарға қатыстың?
- Жалпы, бұрыннан спортпен айналысамын. Аудандық марафондарда жүлделі болып жүрдім. Үздіксіз жаттығуда жүремін. Ауданымыздың 50-60 адамнан құралған марафон кулубы бар. Күнделікті жұмыстан кейін 10-25 шақырым аралықта жүгіріп тұрамыз.
- Алда қандай жоспарың бар?
- Сапардағы басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттап, Астанаға алыстағы қандастардың ақ сәлемін жеткізу еді. Сол үшін де Астананың мерейтойына орай жетуді мақсат еткенмін. «Алыстан бір ұлымыз елін аңсап келе жатыр» деп мені қарсы арлып жатқан баршаңызға, ақ жаулықты аналарға, Астана қаласының әкімдігіне алғысымды айтамын. Бұл сапарым менің жалынды жастық шағымның ұмытылмас бір белесі болып қалады деп ойлаймын. Алдағы жоспарым осы елде қалып, қазақ елі үшін азаматтық үлесімді қоссам деймін. «Қазақ елінде жастарға қолдау көп» деп естимін. Қоғамға қажетті іс жасайтын компания құрсам деймін. Мүмкіндік болса, ел басшылығындағы азаматтармен кездесіп, шеттегі қазақ жастарының сәлемін жеткізгім келеді. Барлық қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
- Сұхбатыңа рахмет! Қазақ еліндегі күндеріңе сәттілік тілеймін!
Айта кетсек, Есбол Асқарұлы 1997 жылы 1 мамыр күні Қытай Халық Республикасының Шыңжаң автономиясы Санжы аймағы Манас ауданында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, нағашы жұртының қолында ержетіпті.