Екі ел арасындағы өзара әріптестік өте маңызды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1992 жылдың 27 тамызында Қазақ­стан мен Қытай мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастар орна­тылғаны мәлім. 1993 және 1999 жылдарда екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Екі ел арасындағы өзара әріптестік өте маңызды

Ал 2002 жылы 23 жетоқсанда қол қойылған «Қазақ­стан Рес­публикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көр­ші­лік, достық және ынтымақтастық туралы шарт» екі елдің өзара қарым-қаты­настарын жаңа сапалық деңгейге көтерді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай бірден-бір қуатты социалистік мемлекет болып қалды. Қытайдың бүгінгі даму формуласы 97 пайыз социа­лизм, 3 пайыз капитализм. Қазақстан тәуелсіздігін тез арада таныған мемлекеттер қатарында Қытай әлемдік озық үлгілерді өзіне тез қабылдау арқылы елдегі демографиялық өсімнен туындайтын азық-түлік, тұтыныс пен тұрғын үй мәселелерін шешуге ұмтылуда. Экономикалық дамудың зор қарқыны осы елден ұдайы шикізат, мұнай-газ өнімдерін, құрылыс материалдарын іздеуді талап етеді. Осы ретте табиғи ресурстары мол көршілес елдермен байланыс орнатуға бұл мемлекетте ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар Қытай мен Қазақстан аумағын Батыс Еуропаға тікелей ашылатын транзит ретінде де қарастырады. Ал Қазақстанға ұлы көршімен татулық және оның 1,5 млрд-тық нарық қуаты қажет.
Қытай Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделілік танытуда. Осы мүдделіктің арқасында ­заманауи алып құрылыстар Атасу - Алашакөй мұнай құбыры, Батыс Еуропа - Батыс Қытай (ұзындығы 8,4 мың шақырым) автомагистралі өмірге келді. Бұл автомагистральдің 2,3 мың шақырымға жуығы Қазақстанның 5 облысын басып өтеді. 2010 жылы Қытайдың мұнай компанияларының Қазақстанның Батыс өңіріндегі мұнайды өндірудегі үлес салмағы 23 пайызды құрады. Қытай компанияларының Қазақстан мұнайы­ның 3-тен 1-ге жуығын иеленуі екі ел арасындағы экономикалық-сауда байланыстарын одан сайын нығайта түсті.

Екі ел арасындағы байланыстардың белсенділігін 25 жыл ішінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытайға 11 рет, ал Қытай басшылары Цзян-Цзэминь, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпиннің Қазақстанға 9 рет ресми сапарларымен келгендігі дәлелдейді. Қытай Орталық Азия аумағындағы өз ықпалын өркениетті елдерге тән инвестициялар құю, сауда көлемін арттыру, ақпарат пен технология алмасу, экономикалық ынтымақтасудың жаңа жолдарын игеру саясаты арқылы іске асыру бағытын ұстанып келеді. Қазіргі Қытай «ХХІ ғасырдың геосаяси өзгерістеріне тән бағыт-бағдар ұсынатын мемлекетпіз, бізге агрессия, экспанция құбылыстары жат» деген ұранмен әрекет етуде.

Қытай бүгінде жалынымен ешкімді шарпымайтын бейбіт айдаһарға айналғандай. Оның айғағы Қытай басшылығының Қазақстанға көршілес аймақта орналасқан Лобнор ядролық сынақ полигонын жабуы. Қытай билігі бірнеше мәрте Қазақстанға ұзақ мерзімдік несие берді. 2009 жылы Қазақстан бұл елден 10 млрд доллар көлеміндегі қарыз алғаны белгілі және Қытай-Қазақстан шекарасында алаңдаушылық туғызатын шиеленісті оқиғалар болған жоқ.
Еліміз Кеңес Одағы құрамынан шыққаннан кейін бұл мемлекетпен тығыз экономикалық сауда, инвестициялық қарым-қатынастар орната бастады. 2010 жылы Қытайға экспортталған Қазақстан тауарларының құны 17,5 млрд долларды құраған. Ал Қытайдан импортталатын тау­ар­лар 27,6 млрд доллар болған. Экспорт-импорт қатынастарындағы кері сальдо 10 млрд доллардан артық. Қытай мұнай, уран өнімдеріне ерекше ден қоюда. Қазақстан оған стратегиялық шикізат сатуға мәжбүр. Ал Қытай негізінен өндіріс тауарлары мен тұтыныс заттарын өткізуде. Қазақстанның тұтыныс рыногын Қытай өнімдері басып алған. Германия мен АҚШ-тан кейінгі инвес­тиция көлемі жағынан үшінші орында Қытай тұр. Қазақстанның Қытаймен жақсы экономикалық байланысты оның транзиттік қуатын күшейте түсуде. Түркіменстан, Өзбекстан газы Қытайға қазақ құбырлары арқылы жеткізілуде. Қытай тауарлары Ресейге, Украина мен Белорусияға Қазақстанның транзиттік дәлізі арқылы өтуде. Транзиттік тасымал пайдасы «Батыс Европа - Батыс Қытай» тас жолының іске қосылуымен тіптен арта түспек.
Қытай Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде бағалауда. Екі елдің қауіпсіздігі мәселелері ШЫҰ, АСӨЫК (Азиядағы сенім және өзара ынтымақтастық кеңесі), БҰҰ шеңберінде үнемі талқыланып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымымен 2020 жылы 40 млрд долларға жеткізу жос­парлануда. Тәуелсіз мемлекет ретінде 25 жыл өмір сүрген Қазақстан экономика мен саясатта Қытай экспанциясын немесе қысымын сезініп отырған жоқ. ШЫҰ қызметінің арқасында екі елдің аймақтық қауіпсіздігі нығайту мәселелеріндегі ынтымақтасуы күшейе түсуде. Қытайдың басшысы Си Цзиньпин «екі ел арасындағы қатынастар үлгі боларлық деңгейде, Қазақстан Қытайдың сыртқы саясатының маңызды басымдылықтарының бірі» деп атап көрсетті.

Әріптес мемлекеттің әлемдік экономикалық державаға айналуға ұмтылуы, валютасы юаньның әлемдік валютаға айналу үдерісі Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасының нығая беруіне негіз болмақ. Шығыстағы көршімізбен әділетті, тең дәрежедегі қатынастарды тереңдету күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе.