Екібастұз қаласы тұрғынынан үш пулемет тәркіленді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Тәртіп сақшылары қаруға әуес 36 жастағы екібастұздықтың үш пулеметін тәркіледі. Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмованың хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлім қызметкерлері коллекцияға «Қару» жедел-алдын алу шаралары кезінде тап болған.
- Тәркіленген қарулардың қатарында «Дегтярев» жаяу пулеметі «Судаев» тапанша-пулеметі, «Шпагин» тапанша-пулеметі, «Мосина» винтовкасы, «ТТ» тапаншасы мен үш граната бар. Азамат ату құралдарын сақтауға және сатып алуға рұқсаты жоқ болып шықты. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 287-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тиісті техникалық сараптама тағайындалды. Кейін процессуалдық шешім қабылданады, - дейді Б. Мағзұмова. Баспасөз хатшысының айтуынша, пулеметке арналған патрондар табылмаған. Қаруды қолданысқа жарамауы немесе жарауын сараптама нәтижесінде анықталады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.