Екібастұзда Шахтерлер күні қарсаңында кеншілерді құттықтады

Шахтерлер күні - Екібастұздың басты мерекелерінің бірі, қалада ондаған отбасылар әулеті республикадағы ірі «Богатырь» және «Восточный» көмір разрездерінде жұмыс істейді. Екібастұздықтар арасында кенші мамандығын иеленген жастар саны көбеюде.
Өңір басшысы шахтерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың одан әрі жұмыстарына табыс тіледі.
Павлодар облысының әкімі көмір өнеркәсібін дамытудағы көпжылдық адал еңбегі, қосқан үлесі, қоғамдық-саяси қызметтегі белсенді өмірлік ұстанымы үшін «Богатырь» разрезі басқармасы пультінің операторы Владимир Гусевті, «Энергобасқару» ЖШС өндірістік электр зертханаларын сынақтан өткізу және өлшеу жөніндегі элекр монтері Санобар Ыбыраев пен «Восточный» разрезінің жылумен жабдықтау учаскесі қазандығының және желісінің машинисі Татьяна Климованы құрмет грамоталарымен марапаттады.
Облыс әкімінің алғыс хаттарымен «Энергобасқару» ЖШС өндірістік-тұрмыстық бөлімінің жетекші инженері Елена Баэр, «Ангренсор Энерго» ЖШС тау-кен ісі шебері Арсен Жүнісов, «Богатырь Көмір» ЖШС жүргізушісі Тұрсынғали Оқасов, «Восточный» разрезінің технологиялық кешені учаскесі конвейерінің машинисі Сүйіндік Тышқамбаев марапатталды.
Көмір өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының Екібастұз аумақтық кеңесінің төрағасы Николай Попов 35 жыл бұрын құрылған бірегей «Восточный» разрезінде алғашқы бас мамандардың бірі болған ардагер кенші Аманғос Өтегеновке «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» белгісін табыстады. Салтанатты жиналыс соңы концертке ұласты. Онда көмір кәсіпорнының шығармашылық ұжымы өнер көрсетті, шахтерлерге арнап Қазақстанның танымал әншісі Мақпал Исабекова ән шырқады.
Еске сала кетейік, жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстан шахтерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді.