Екінші деңгейлі банктер мемлекет тарапынан берілген қаржыны уақытында игеріп отыр
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Екінші деңгейлі банктер мемлекет тарапынан берілген қаржыны уақытында игеріп отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде Қордың Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктерге бөлінген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру және шағын бизнесті қолдау қаржыларын игеруге қатысты мониторинг пен сараптаулар ұдайы жүргізіліп отыр. Жалпы, екінші деңгейлі банктермен Әл-ауқат қоры арасында қаражаттарды игеруге қатысты арнайы кесте түзілген. Бұл кестеге қарамастан, біз банктермен бірігіп қаражаттарды жедел игеру мәселесін талқылап жатырмыз. Бұндай бағыттағы қарқын да жаман емес. Мәселен, «БТА банкі» шағын және орта бизнесті қаржыландыру бойынша өзіне берілген 22 млрд. теңгенің 21,3 млрд. теңгесі бойынша келісімдер жасаған. Яғни, мамыр айының басында «БТА банкі» өз қаржыларын толық игере алады деп сенуге болады. Ал «Альянс банкі» осы уақыт ішінде 7,4 млрд. теңгенің келісімін жасады. Осыған қарағанда, екінші деңгейлі банктер өздеріне берілген қаржыны уақтылы игеріп отыр», - деді Қ. Келімбетов.
Оның айтуынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктер келісімге сәйкес өздеріне берілген қаражатты маусымның 1-іне дейін толық көлемде игеріп болады.