Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтардың саны 615-ке жетті - С. Мәжитов (ФОТО)

- Саттар Фазылұлы, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы жайлы осынау кешенді жұмысқа қалай кірістіңіздер?
- Бұл жұмыс 2014 жылдың күз мезгілінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қолға алынды. Кезінде Елбасы өзінің халыққа арнаған үндеуінде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы жайлы тыңнан зерттеу жүргізу керектігі туралы бастама көтерген болатын. Сол кезде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тікелей араласуымен екі жобаға - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған 70 сериялық деректі фильм мен осы кітапты шығаруға бастама берілді. Фильм жарыққа шықты. Бастапқы кезде мен оның ғылыми кеңесшісі болдым. Енді міне, «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» атты еңбек те оқырмандарға жол тартты. Оның жарыққа шығуына көп еңбек сіңірілді. 2014 жылдан бастап, Ұлы Отан соғысының батырлары мен Даңқ орденінің кавалерлері жайында, жер-жерден, мұрағаттар мен әскери комиссариаттардан мәліметтер жинай бастадық. Ресейдің тиісті сайттарының материалдары пайдаланылды. Оларға сілтемелер жасалды. Өйткені, тарихи еңбекке тазалық, тиянақтылық керек. Бұл нағыз ұжымдық жұмыс болды. Алғашқыда «Нұр Отан» партиясының Әлеуметтік саясат институтының электрондық базасында Ұлы Отан соғысының батыры атағын алған 500-ден астам қазақстандықтың есімі болды. Бірақ, зерттеу барысында кейбір адамдардың фамилиялары белгілі себептерге байланысты қайталанып кеткендігін анықтадық. Мысалы, бір адамның фамилиясы Семей қаласында да, Өскемен қаласында да кездеседі. Тіпті бір адамның фамилиясы үш облыста жүрген жағдайлар да болды.
- Мұндай зерттеу бұған дейін Қазақстанда жүргізіліп пе еді?
- Иә, Қазақстанда дәл осындай кітап соңғы рет 1968-1969 жылдары қазақ тілінде екі том, орыс тілінде екі том болып жарық көрген. «Қазақстандықтар - Кеңес Одағының батырлары» деп аталады. Бұл кітап сол кеңестік идеологияға үндестік тұрғысында жазылды.
Қазақ елінің мемлекет ретіндегі ерекшелігі көрсетілмеді. Әр облыстан қанша адамның батыр атағын алғаны жайлы мәлімет берілмеді. Міне, содан бері 50 жылға таяу уақыттан бері бұл тақырыпқа ешкім үңілмепті.
- Қазіргі таңда қоғамда: «Екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы Отан соғысы, ондағы жеңісті Ұлы Жеңіс деп әспеттеудің керегі жоқ» деген секілді пікірлер айтылып жүр. Бұған не айтар едіңіз?
- Біз тарихқа сол тарихи кезең тұрғысынан, сол тарихи кезеңнің көзқарасымен қарауымыз керек. Сондықтан, сол заманда өмір сүріп, соғыста отан үшін қан төккен ата-бабаларымыздың рухы үшін «Ұлы Отан соғысы» деп атауымыз керек. Тарихты бұрмалауға болмайды. Міне, соғыстан кейін төртінші-бесінші ұрпақ өсіп келеді. Біреулер: «Ойбай, фашизм жеңсе, бүгінде қазақтар Бавария сырасын ішіп отырар еді, өркениетті ел болар еді» - дейді. Бұл бекер сөз. Бұлайша, жастардың санасын улауға болмайды. Қазір, бүкіл әлемде Ұлы Жеңісті меншіктеп алу, өздерінің қосқан үлестерін көтермелеп көрсету үдерісі белең алып жатыр. Мысалы, Париждегі екі қабатты әскери музей ғимаратының тек бір бұрышында ғана Кеңес одағының екінші дүниежүзілік соғыстағы үлесіне қатысты санаулы ғана экспозиция қойылған. Ал қалған жәдігерлердің барлығы Еуропа елдері мен АҚШ-тың жеңісіне арналған. Бұл ойландыратын жайт. Бұдан басқа, екінші майдан басталған, Францияның солтүстігіндегі Канн қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған 150 мұражай бар! Сол мұражайлардың бірінде кезінде бізге деректі фильм көрсетілді. Онда Кеңес халқының еңбегі тіптен айтылмайды. Міне, сондықтан, біз өз беделімізді төмендетпеуіміз керек.
- Сіздер бұл кітапта жалпы қанша адамның тағдырын зерттедіңіздер?
- 1968 жылғы кітапта 418 ғана адамның аты жазылған ғой. Ал онда бір адамның аты-жөні қате берілген. Ол тіпті соғысқа қатыспаған, батыр болмаған адам. Сондай-ақ, 8 адамның Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ болып шықты. Сонымен, зерттей келе кітапқа 615 батырдың есімін енгіздік. Тұңғыш рет бұл басылымға 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін Халық қаhарманы атағы берілген 9 адамның өмірбаяны енгізілді. Олар: Ресей батыры Бейсекбаев Бақтыораз (өлгеннен кейін), Доспанова Хиуаз (Хыйуаз), Қайсенов Қасым, Қалмырза (Халмурзаев) Мәулен Реметұлы, Қошқарбаев Рақымжан (өлгеннен кейін), Кулаков Алексей Карпович, Кеңес Одағының батыры Нұрмагамбетов Сағадат Қожахметұлы, Таипов Мурдин, Капорин Александр Емельянович.
- Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтар әр өңір бойынша жіктеліп көрсетілді ма?
- Бұл кітаптың ерекшелігі де осында. Жаңағы 615 батырдың ішінде - 606 адам Қазақстанның әр түрлі өңірлері бойынша берілді. Ал қалған 9 адам Өзбекстан, Ресей, Украина секілді елдерде тұрып келген отандастарымыз.
Сонымен, Ақмола облысынан шыққан Кеңес одағы батырларының саны - 40, Ақтөбе облысы - 35, Алматы облысы - 58, Атырау облысы - 9, Шығыс Қазақстан облысы - 104, Жамбыл облысы - 28, Батыс Қазақстан облысы - 40, Қарағанды облысы - 35, Қостанай облысы - 41, Қызылорда облысы - 17, Маңғыстау облысы - 4, Павлодар облысы - 27, Солтүстік Қазақстан облысы - 50, Оңтүстік Қазақстан облысы - 50, Астана - 10, Алматы - 58. Барлығы - 606 адам.
- Қазақ ұлтынан шыққан батырлардың санына қатысты қандай өзгерістер енгізе алдыңыздар?
- Кітап әзірленіп жатқан кезде оған түзетулер өте көп енгізілді. Көп адамның туған жылы, аты-жөні қате жазылып кеткен. Кейбіреуінің аты-жөндерін екі нұсқада беруге тырыстық. Біз ең алдымен марапаттау қағаздарына сүйендік. Бұрынғы кітапта 14 ұлттың өкілі ғана көрсетілген болса, қазіргі кітапта 18 ұлттың өкілі бар.
Бұл жерде орыс ұлты өкілдерінің саны - 381, қазақтар - 109, украиндықтар - 84, татарлар - 13, өзбектер - 8, белорустар - 3, мордвалар - 3, башқұрттар - 2, немістер - 2, ұйғырлар - 2, армян - 1, кәріс - 1, лезгин - 1, литвалық - 1, молдаван - 1, тәжік - 1, шешен - 1, эстон - 1. Барлығы - 18 ұлт. Бұл жерде қазақтардың санына келер болсақ, күні бүгінге дейін Кеңес Одағының батыры атағын алған қазақ батырларының саны - 97 болып келді. Қазір, олардың саны - 109-ға жетті. Бұл жерде олардың қатарына Халық қаhарманы атанған 6 қазақтың есімін қостық. Бұл жаңа көрсеткіштер біз үшін өте маңызды. Өйткені, Кеңес одағы деңгейімен есептегенде біз бір сатыға жоғары көтерілдік. Бұл үлкен жетістік.
- Кезінде Бауыржан Момышұлы секілді батырлыққа ұсынылса да көзінің тірісінде ол атақты ала алмаған қазақстандықтардың саны қанша болды?
- Біз кезінде Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ күні бүгінге дейін сол атағын ала алмаған 14 қазақстандық майдангерді анықтадық. Күні бүгінге дейін тек бір майдангерге ғана Халық қаhарманы атағы берілді. Ал қалған 14 адамға әлі берілген жоқ. Солардың ішінде әзірге Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия құрамында шайқасып, ерлікпен қаза тапқан Атырау облысының тумасы Григорий Постольниковтің марапаттау қағазын таппай отырмыз.
- Саттар Фазылұлы, олардың ерліктерін бағалау үшін қазір қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма?
- «Нұр Отан» партиясы тарапынан бұл адамдар 2015 жылы «Халық қаhарманы» атағына ұсынылған. Бірақ, өкінішке қарай әлі берілген жоқ.
- Ал олар не үшін батыр атағын ала алмады?
- Енді олар кезінде ерлік жасады. Атаққа ұсынылды. Марапаттау қағазы бар. Бірақ, олар да Баукең секілді ала алмай жүрген адамдар еді ғой. Бұл жерде бірқатар себептер бар. Біріншісі, қанша жерден батыр болсаң да қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарың болса, батырлық атақ алу қиын. Тағы бір себебі - соңында іздеушілері болмағандығы. Мына кітаптағы адамдардың өмірбаянына қарап отырып, қайсысының іздеушісі бар, қайсысының іздеушісі жоқ екендігін бірден байқауға болады.
- Кеңес одағының батыры атағына ие болған Қазақстанның әйел азаматтары бойынша жаңа деректер бар ма?
- Біз бұрын әйелдер арасында Кеңес Одағының батыры атағы берілген Әлия мен Мәншүк апаларымызды ғана білетінбіз. Ал бұл кітапқа бес әйелдің есімін енгіздік. Төртеуі - Кеңес Одағының батыры, ал біреуі - Халық қаhарманы.
Олар: Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызы (Батыс Қазақстан облысы), Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызы (Ақтөбе облысы), Ковшова Наталья Венедиктовна (Солтүстік Қазақстан облысы), Хоружая Вера Захаровна (Қарағанды облысы). Қазақстан Президентінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы №1487 Жарлығымен Доспанова Хиуазға (Жарлықтың мәтінінде - Хыйуаз деп жазылған) айрықша белгілер - Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен бірге Халық қаhарманы атағы берілді. Хиуаз Доспанова - қазақ халқының Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қызы.
Бұдан басқа, біз бұрын Кеңес Одағының батыры атағына екі мәрте ие болған 4 қазақстандықтың есімін білетінбіз. Олар әрине даңқты ұшқыштар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павлов. Ал біз оларға қоса тағы 3 адамның есімін енгіздік. Солардың бірін айтар болсам - әскери ұшқыш Кравченко Григорий Пантелеевич. Ол Қытай мен Халхин-голдағы ерліктері үшін 1939 жылы бір жыл ішінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Тағы бір жерлесіміз - әскери ұшқыш Воробьев Иван Алексеевич. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған ерліктері үшін екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған.
- Қазір, елімізде көзі тірі Кеңес Одағының батырлары бар ма?
- Біз шыны керек, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көзі тірі батырларымыздың ішінен тек Иван Васильевич Косенковты ғана айтып жүрдік қо. Сөйтсек, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлап жүргенде 7 батырымыз әлі тірі болған екен! Олар Ақмола облысынан Киселев Яков Митрофанович, Шығыс Қазақстан облысынан Борозенец Степан Николаевич, Косенков Иван Васильевич, бұрынғы Семей облысынан Зарудин Юрий Федорович, Торғай облысынан Суриков Эмиль Иванович, Көкшетау өңірінен Рой Алексей Хрисанфович және Қарағанды облысынан Григорьев Николай Михайлович. Өкінішке қарай, алты адамның аты аталмай қалды. Біреуі тіпті сол күні - 2015 жылы 9 мамырда қайтыс болыпты. Ол - Жезқазған қаласының тұрғыны Николай Григорьев. Тағы бір мәлімет бойынша биыл 2 ақпанда Алексей Рой дүние салыпты.
- Саттар Фазылұлы, зерттеу барысында сізді ерекше елең еткізген, таң қалдырған жайттар болды ма?
- Мені қатты таң қалдырған нәрсе, ол әр тұлғаның өзі туралы белгі беретіндігінде болды. «Мынаны ұмытып бара жатсың ғой» дегендей қандай да бір жолмен аян береді немесе түсіңе кіреді, әйтеуір сездіреді. Сонда «мына кісінің туған жылы, аты-жөні дұрыс жазылды ма екен?», - деп мазасызданып, кітаптың сол бетін ашып қалсаң, шынында жоқ екенін көріп, таң қалған кездеріміз көп болды. Бұл менің басымда ғана емес, менімен бірге істескен ғалымдардың да басында болды. Мен осыған таң қалдым. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді ғой. Бұл сондай сауапты да жауапты іс болды. Біздің басты мақсатымыз - жастарды шынайы тарихты негізге ала отырып, патриоттық рухта отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысы бұрынғы кеңес халықтары үшін ортақ тарих. Оны бөліп қарауға, Ұлы Жеңісті меншіктеуге болмайды.
- Кітаптың электрондық нұсқасы бола ма?
- Иә, болады. Оны алдағы уақытта арнайы сайтқа саламыз. «Нұр Отан» партиясының сайтынан да оқуға болады деп ойлаймын. Дегенмен, кітапты қолға алып, оқығанға не жетсін!
- Саттар аға, алдағы уақытта бұл кітаптың жалғасы бола ма?
- Біз осы кітапқа енгізу үшін 60 беттен тұратын аймақтық тізім дайындап едік. Сол енбей қалды. Бұл оқырман үшін өте пайдалы болар еді. Сонымен қатар, мұның ішіне тарихи анықтама кірген жоқ. Өйткені, бұл кітап энциклопедиялық анықтама іспетті ғой. Монография емес. Мен енді осы тақырып бойынша ғылыми монография жазсам деймін. Тағы бір айтылмай кеткен мәселе, ол мына Панфилов дивизиясы жайында. 1968 жылғы нұсқа 28 панфиловшыдан басталған. Ал біз ол нұсқадан кеттік. Иә, Мәскеу түбіндегі Дубосеково жол айрығында ғаламат ерлік болды. Бірақ, жауынгерлердің саны 28 емес, кем дегенде 100-ден астам еді. Бұл тарихи шындық. Ал 28 - ол жай метафора. Сол заманда халықтың рухын көтеру үшін керек болды.
Енді бұл тақырып туралы еңбек алдағы уақыттың еншісінде.
- Әңгімеңізге рахмет.