ЕҚЫҰ делегациясы Астанада өзара әріптестік мәселесін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы АҚШ, Германия, Италия, Канада, Ұлыбритания, және Францияның Тұрақты өкілдерінен құралған делегация Астанаға іссапармен келді.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде ЕҚЫҰ алаңындағы өзара іс-қимыл мен алдағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Бұл туралы СІМ мәлім етті.
— Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы өзара құрмет, сенім және қауіпсіздік, орнықты даму мен адам құқықтары құндылықтарына ортақ бейілділікке негізделген берік іргетасқа сүйенеді, — деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрдің орынбасары Арман Исетов.
Сондай-ақ ол Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін баса айтты.
Өз кезегінде, шет мемлекеттердің елшілері Қазақстан Ұйымның маңызды мүшесі екенін атап өтіп, ЕҚЫҰ аясындағы елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар прагматикалық және өзара қолайлы ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады.
Бұған дейін Венада өткен ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанның тәжірибесі ұсынылды.