ЕҚҚДБ Қазақстанда энергетика мен цифрлық инфрақұрылымға инвестицияны арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо цифрлық экономиканы дамыту үшін ең алдымен орнықты энергетика мен заманауи инфрақұрылым қажет екенін айтты. Оның сөзінше, банк Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамытуға, электр желілерін жаңғыртуға және көлік инфрақұрылымын цифрландыруға қолдау көрсетуді жалғастырады.

ЕҚҚДБ Қазақстанда энергетика мен цифрлық инфрақұрылымға инвестицияны арттырады
Коллаж: Kazinform/Nano Banana

Одиль Рено-Бассо Қазақстанмен ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары төрт бағытты ерекше атап өтті. Бірінші бағыт — берік іргетас, орнықты энергетика мен заманауи инфрақұрылым. Себебі заманауи цифрлық экономиканы сенімді физикалық инфрақұрылымсыз елестету мүмкін емес. Ол үшін тұрақты әрі жеткілікті энергия көздері де қажет.

— Қазақстан үшін бұл үш негізгі міндетті білдіреді: жаңартылатын энергия көздерінің қуатын арттыру, электр желілерін жаңғырту және көлік инфрақұрылымын цифрландыру. Соңғы жылдары ЕҚҚДБ жаңартылатын энергетика саласында қуаты 2 гигаватт болатын жаңа нысандардың іске қосылуына қолдау көрсетті. Соңғы жобалардың бірі — Жамбыл облысында энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясының құрылысы. Бұл жоба TotalEnergies, «Самұрық-Қазына» және «ҚазМұнайГаз» компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр, — деді банк басшысы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысында.

Сонымен қатар, KEGOC компаниясының энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға көрсетіліп отырған қолдау да ерекше маңызды. Батыс Қазақстан өңірін Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосу деректерді өңдеу орталықтары, жасанды интеллектінің есептеу кешендері және энергияны көп қажет ететін өзге де жобалар үшін қажетті сенімді энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Бұған қоса, электр тарату желілерін цифрландыру және ақылды электр желілерін енгізу электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, энергия жүйесінің теңгерімін тиімді басқаруға әрі жаңартылатын энергия көздерін жүйеге тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді.

— ЕҚҚДБ көлік инфрақұрылымын цифрлық жаңғыртуға да қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «E-Joldar» жол активтерін басқарудың цифрлық платформасы және ақы алу жүйелері жолдарды пайдалану тиімділігін арттыруға, жол қозғалысының қауіпсіздігін жақсартуға, кептелісті азайтуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған. Мұндай инвестициялар инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, Қазақстан экономикасын технологияға және деректерге негізделген жаңа даму кезеңіне бейімдейді, — деді Одиль Рено-Бассо.


Айта кетейік, ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 1,3 млрд еуродан астам инвестиция салуы мүмкін.

Бұған дейін Одиль Рено-Бассо Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесі ЕҚҚДБ стратегиясымен үндесетінін айтқан еді.