«Екінші раундтан кейін кеңес бердім»: Мырзағали Айтжанов Азия ойындарында Асланбекке не айтты

«Екінші раундтан кейін кеңес бердім»: Мырзағали Айтжанов Азия ойындарында Асланбекке не айтты
Фото: kfb.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов құрама капитаны Асланбек Шынбергеновтің Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Азия ойындарындағы жеңісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

71 келі салмақта сынға түсіп жатқан Асланбек Шымбергенов ширек финалда өзбекстандық әлем чемпионы Асаднхуджа Мудинхуджаевпен кездескен болатын. Алғашқы екі раундта қарсыласы ұпай санымен ұтып жатты. Алайда үшінші раундта ашық шабуылға көшкен отандасымыз өзбекстандық боксшыны үш рет нокдаунға түсіріп, жеңісті жұлып алды.

«Бірінші, екінші раунд ұтса да, жеңіс арғы жаққа кетіп жатты. Бірақ екінші раундтан кейін «Қобалжыма, өз тірлігіңді істей бер. Кім біледі, нокаутқа жіберетін шығарсың» деп айтқан едім. Бапкерді тыңдады, өзі де риза болып тұр. Бұл жерде қобалжып, қателессең, оған жақсы болады. Салқынқанды болып, баспен жұмыс істесең, жеңісті солай аласың», - деді бас бапкер.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтің тартысты жекпе-жегі туралы ой бөлісті. Ол спортшыға әділетсіздік жасағысы келгендердің жоспары орындалмағанын жеткізді.

«Асланбекті жеңісімен құттықтаймыз! Жарайсың», - деп жазды Серік Сәпиев Instagram желісіндегі парақшасында.

Енді құрама капитаны финалда тағы бір әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен жұдырықтасады.

Соңғы жаңалықтар
telegram