Экоакция: Алматыда 1200-ден аса пластик қақпақ қайта өңдеуге тапсырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Экоакцияға шамамен 150 тұрғын қатысты. Соның нәтижесінде қайта өңдеуге 1200-ден астам пластик қақпақ жиналды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматыда «Eco Almaty» ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Эко-Трак» жобасы жұмысын жалғастырып келеді. Жоба қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалдықты бөлек жинау тәжірибесін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Кезекті аула экоакциясы Mountain Drive тұрғын үй кешенінде өтті. Бұл кешеннің тұрғындары ECO Network және «Эко-Хаб» жобаларының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов ұйымдастырған экологиялық бастама аясында жеңімпаз атанған болатын.
Биыл 16 мамырда «Гүлдер» тұрғын үй кешенінде өткен алғашқы көшпелі іс-шарадан кейін алматылықтарға ауласының мекенжайын көрсетіп, өтінім қалдыру ұсынылған еді. Ең көп өтінім дәл Mountain Drive тұрғындарынан түскендіктен, «Эко-Трак» осы тұрғын үй кешеніне барды.
Акция барысында тұрғындарға мобильді экологиялық алаң қызмет көрсетті. Қатысушылар бөлек жиналған қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырып, экологиялық тақырыптағы интерактивті іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ, олар пластик қақпақтарды ұсақтауға арналған велошредерлерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
— Экоакцияға шамамен 150 тұрғын қатысты. Соның нәтижесінде қайта өңдеуге 1200-ден астам пластик қақпақ жиналды. Сонымен қатар қатысушылар 10 кг макулатура, 5 кг пластик, 3 кг полиэтилен және 1 кг шыны бөтелке тапсырды. «Эко-Трак» — Алматыдағы қалдықтарды бөлек қабылдауды ағартушылық және интерактивті бағдарламамен ұштастыратын алғашқы көшпелі экологиялық зертхана. Мұндай формат тұрғындарды қалдықтармен жауапкершілікпен жұмыс істеу қағидаларымен таныстырып, әртүрлі жастағы азаматтарды экологиялық бастамаларға тартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Осындай жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамытуға, қала тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға және Алматыда қалдықтарды тұрақты басқару жүйесінің дамуына ықпал етеді.
Бұған дейін Алматыда экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталғанын жазғанбыз.