Экология министрі «қышқылды жаңбыр» жөнінде: Қазақстанда ондай қауіп жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Ираннан Орталық Азия елдеріне «қышқылды бұлттар» жетуі мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. 

мороз, погода, снег, дождь со снегом, закрыта дорога, жол жабық, ауа райы, қар, жанбыр
Фото: Алина Тулеубаева / Kazinform

— «Қазгидромет» мәліметіне қарағанда, мұндай құбылыс болуы мүмкін емес. «Қышқылды жаңбыр» ол күкірт диоксиді мен азот тотығының таралуынан болады. Жалпы, оның бөлшектері алысқа тарала қоймайды. Сонымен қатар Өзбекстандағы әріптестеріміз де растағандай, «қышқылды жауынның» Орталық Азияда таралуы қаупі жоқ, — деді Ерлан Нысанбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұған дейін хабарланғандай, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде, сондай-ақ кейбір қазақстандық және шетелдік БАҚ-да Иран аумағында Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін «қышқыл бұлттар» пайда болғаны туралы ақпараттың таралуын тіркеді.

Осыған байланысты «Қазгидромет» мұндай мәлімдемелердің ғылыми деректермен және бақылау нәтижелерімен расталмағанын хабарлады.