Экология министрлігі «Бөкейорда» басшысының ұсталуына байланысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта жуықта ғана басшысы сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінген «Бөкейорда» резерватының жұмысына қай вице-министр жауапты екенін айтты.

Мәселенің мән-жайы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты» РММ бас директорының жемқорлық күдігіне ілінгенін хабарлаған болатын.
- Ол резерватта шын мәнінде еңбек қызметін атқармаған тұлғаға жалақыны заңсыз есептеу арқылы ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта оның басқа қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр, — делінген хабарламада.
«Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 60-бабының 3-1-тармағы бойынша, егер басшы тағайындалғаннан кейін үш ай өткен соң оның тікелей бағынысты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны дәлелденсе, басшы отставкаға өтініш беру керек. Ол өтінішті қабылдау-қабылдамау туралы шешімді уәкілетті орган немесе сол органды басқаратын лауазымды тұлға қабылдайды.
Kazinform осы жайттарды ескеріп, министрлікке ресми сауал жолдады.
- Бұл істің бүге-шігесі бұрмаланып кетпеу үшін, салаға жауапты вице-министр тергеу шараларына сырттан ықпал етпеу үшін оны қызметтен уақытша шеттету туралы шешім қабылданды ма? Тергеу мен сот үкімі агенттік таққан айыпты растаса, вице-министр қол астындағы қызметкердің сыбайлас-жемқорлық әрекетіне жол бергені үшін лауазымынан босатасыз ба, - делінген сауалда.
Министрліктің ұстанымы
Министрлік жауабында вице-министрдің келешегіне қатысты шешім күдіктінің қылмысы дәлденген жағдайда ғана қабылданатыны айтылған.
- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы стратегиялық, реттеуші, атқарушылық, бақылау-қадағалау функцияларын министрлікке бағынысты «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
Бұл салада қалыптастыратын саясат пен стратегияны іске асыру Экология және табиғи ресурстар вице-министрі – Нұркен Шәрбиевке жүктелген. Тиісті шаралар құқық бұзушылықтың дәлелденуінен кейін қабылданады. Тергеу мен сот үкімі күдіктіге қатысты айыпты растаған жағдайда заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданады, - деп жазылған министрлік жауабында.