Экология саласында өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі қажетті қадам

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Астанада өтеді деген хабар тарағаннан кейін «жасыл даму» бағытындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріле бастады. Бұл тұрғыда Үкімет осыған жауапты ведомстволардың жұмысын қамшылай түсті. Себебі, Мемлекет басшысы тарапынан бұл мәселелер айрықша қадағаланып отыр. Өз кезегінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі де түрлі бастамалар мен жобалар ұсынуға кірісе бастады.

Экология саласында өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі қажетті қадам

Бүгінгі Министрлер кабинетінің отырысында аталған ведомство Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасының жобасын таныстырып, министрлік басшысы Нұрлан Қаппаров бұл мәселе бойынша тың ұсыныстар жасауға тырысып бақты.

Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген талдау еліміз бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) қалыптасуы көлемінің болжанған өсімін көрсетті. Қазіргі кезде Қазақстанда ТҚҚ секторында күрделі жағдай қалыптасып отыр, яғни қалдықтар полигондарда алдын ала сұрыптаусыз және зарарсызданбай орналастырылуда. Полигондардың көпшілігінде қызмет ету мерзімі аяқталған, сондай-ақ олар санитарлық талаптарға сәйкес келмей отыр. Бұған қоса бұл жерлер топырақ құрамын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Қазіргі кезде Қазақстанда қалдықтар қалыптасатын орындарда ТҚҚ-ны бөлек жинау жүйелі деңгейде іске асырылмайды екен.

Орташа алғанда қалыптасқан ТҚҚ көлеміндегі екінші мәрте пайдалануға жарамды материалдық ресурстарда жыл сайын 500 мың тонна қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасс болалы. Бұл өз кезегінде аталған ресурстарды екінші рет пайдаланудағы үлкен әлеуетті байқатуда.

Осы орайда министрліктің көздеп отырған мақсаттарына тоқтатылатын болсақ, тұрмыстық қалдықтарды қамту 2020 жылға қарай 90 пайызға дейін, ал 2035 жылға қарай оны 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Екіншіден, биоқалдықтарды жинауды 10 пайыздан бастап, оны жеке жинау көлемін 2050 жылға қарай 80 пайызға дейін жеткізу мақсаты көзделуде. «Үшіншіден, бағдарламада қаптама қалдықтарын бөлектеп жинауды 2020 жылы 10 пайызғы межеден 2050 жылға қарай 80 пайызға дейін жеткізу қарастырылған»,- деді министр. Төртіншіден, аталған құжатта қауіпті тұрмыстық қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату жүйесін енгізу көзделіп отыр. Бұл тұрғыда мұндай қалдықтар түрлерін бөлектеп жинау көлемін 2020 жылғы 35 пайыздан 2050 жылға қарай 80 пайызға дейін арттыру міндет болмақ. Бесіншіден, санитарлық полигондардың үлесін арттыру аясында бағдарламада 2050 жылға қарай олардың көлемін 100 пайызға, сондай-ақ 2020 жылы санитарлық полигондармен қамтылу деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу қарастырылған. Соңғы бағытында қалдықтардан «жасыл» энергияны өндіру үлесін арттыру маңызды көрсеткіш болмақ. Бұл тұрғыда биологиялық қалдықтарды қайта өңдеу кезінде жылу мен электр энергиясын өндіру үшін газ шығаруға ерекше мән беріледі. Осы орайда «жасыл» энергияны өндіру бағытында пайдаланылатын қалдықтар үлесін 2020 жылы 5 пайыздан бастап, 2050 жылға қарай 30 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Қалдықтарды өңдеу зауыттарында ТҚҚ-ның өңделмейтін бөліктерінен отын өндіру қарастырылып отыр және ТҚҚ-ны көму деңгейін азайту мақсатында оны цемент зауыттары мен жылу электр стансаларына бағыттау мүмкіндіктері ескерілуде», - деді министр. Сонымен қатар ол тұрмыстық қалдықтардың қауіпті түрлерін кәдеге жарату үшін олар арнайы нысандарға жіберілетінін атап өтті.

Н. Қаппаровтың атап өткен жаңалығы тауарларды өндірушілерге қалдықтарды қайта өңдеуді міндеттеуге қатысты болып отыр. Бұл тұрғыда бағдарламаның айрықша буыны аясында Қазақстанда өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі (ӨКЖ) енгізіледі.

«Тауарлар мен қаптамалардың өндірушілері немесе импорттаушыларына заттар пайдаланылғаннан кейін оларды жинау мен қалдықтарды қайта өңдеуді заңнамалық түрде бекіту керек», - деді министр. Айта кетейік, өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі ұстанымы қалдықтардың барлық түрлеріне таралмайды. Әлемдік тәжірибеде ӨКЖ ұстанымдары ескі автокөліктерге, пайдаланылған шиналарға, аккумуляторлар мен батареяларға, қаптамаларға қатысты.

Оның пайымынша, бұл бағыттағы шаралар ӨКЖ ұстанымдарын жүзеге асыру үшін шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі шиналарды кәдеге жарату бойынша Астанада іске қосылған зауыттың мәселелерін шешуге ықпал етпек. Бүгінде бұл зауыттың 30 пайыздық қуаты пайдаланылуда. «Болашақта Қазақстанда осындай бірнеше зауыттың құрылысы жүзеге асырылуы мүмкін»,-дейді ведомство басшысы.

Мұнымен қоса, Н. Қаппаров Үкімет мүшелері алдында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай орталығын құруды ұсынды. Барлық мүдделі тараптардың (мемлекеттік және жеке сектор) қызметін үйлестіру мен тығыз іс-қимылы мақсатында министрліктің еншілес компаниясы, яғни «Жасыл Даму» АҚ-ның базасында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша бірыңғай орталықты құру ұсынылуда», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда әкімдіктер, инвесторлар және қалдық шығаратын компаниялар арасында келісімшарттық өзара қарым-қатынастың пысықталмаған құрылымы тұрғысында қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарының тиісті деңгейде жұмыс істемеуі байқалуда. Аталған орталық бұл проблемаларды шешіп, әкімдіктер мен инвесторлар үшін көмекші қызметін атқарады-мыс.

Айта кетейік, ведомство 2020 жылға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға қомақты қаржы сұрап отыр.

Бағдарламаның бюджет қаражатын бөлуді қажет ететіндігін атап өткен ол: «Бағдарламаның ілкі кезеңі үшін 52 млрд. теңге көлеміндегі бюджет шығыстары жоспарлануда. Бұл сома қазірдің өзінде республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ 2020 жылға дейін шамамен 75 млрд. теңге сомасында жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл жалпы шығыстардың 60 пайызын құрайды», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, жалпы көлемі 127 млрд. теңгені құрайтын бұл қаржы шығыстардың 4 санаты бойынша пайдаланылады. Аталған санаттар мыналар: биологиялық ыдырайтын қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды дер уақытында шығаруды қамтамасыз ету үшін контейнерлер мен қоқыс шығаратын көліктер паркін жаңғырту, жаңа полигондар салу, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу.