Экология ұлттық құндылық ретінде Конституцияда бекітілуі тиіс – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа аясында экология мәселесіне қатысты ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Егізбаев экологиялық жауапкершілікті ұлттық құндылық ретінде Ата Заңда бекіту қажеттігін айтты.
Оның сөзінше, табиғатты аялау тек заң талабы емес, азаматтың ішкі ұстанымына айналуы тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Jibek Joly арнасының «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында мәлімдеді.
– Қаралып жатқан Конституция жобасына қоғам тарапынан көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бүгіннің өзінде келіп түскен ұсыныстардың саны 2 мыңнан асып, 3 мыңға жуықтады. Қазіргі қолданыстағы Конституция 104 баптан тұрады. Қарапайым есеппен алғанда, әрбір бапқа орта есеппен 20-дан астам ұсыныс келіп отыр. Соның ішінде, менің есебімше, ұсыныстардың 20 пайыздан астамы тікелей болмаса да, экология мәселесіне қатысты, - дейді студия қонағы.

Осы ретте депутат комиссия мүшесі әрі «Ауыл» партиясының өкілі ретінде экология мәселесін ерекше көтергенін атап өтті.
– Біз де Конституцияның түрлі баптарына өз ұсыныстарымызды беріп жатырмыз. Дегенмен мен комиссия отырысында арнайы сөз алып, экология мәселесін ұлттық құндылық деңгейінде Ата Заңда бекіту туралы ұсыныс айттым. Бұл бастаманы комиссия мүшелері негізінен қолдады деп айтуға болады, - дейді Серік Егізбаев.
Комиссия мүшесінің пікірінше, экологиялық жауапкершілікті кейінге қалдыру ел болашағына қауіп төндіреді.
– Менің ойымша, экологиялық сана-сезімді, жаңа ой-пікір мен жаңа экологиялық саясатты ұлттық құндылық ретінде қалыптастырмасақ, XXI ғасырда бұл елдің болашағына ғана емес, тұтас адамзаттың келешегіне зиянын тигізуі мүмкін. Себебі экология мәселесі бүгінде әлемдік күн тәртібіне шыққан өзекті тақырыптардың бірі. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-орында тұрған мемлекет. Сондықтан бұл мәселе біз үшін айрықша маңызды. Біздің ең үлкен байлығымыз – бірегей табиғатымыз, жеріміз бен суымыз, таза ауамыз. Егер осы құндылықтардан айырылсақ, басқа дүниенің біз үшін мәні бола ма деген сауал туындайды. Біздің ұсынысымыз да дәл осы түсініктен бастау алады, - дейді спикер.
Депутат Конституция жобасындағы 31-бапқа нақты ұсынысын жеткізді.
– Конституция жобасында 31-бап бар. Біз осы бапқа «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты аялауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті» деген мазмұнда ұсыныс енгіздік. Ата Заң тәртіп пен жауапкершілікті де талап ететін негізгі құжат болғандықтан, «міндетті» деген ұғымды қолдануды жөн көрдік. Дегенмен, менің жеке ойымша, қоршаған ортаны қорғау мен аялау ең алдымен адамның жүрегінде, санасында қалыптасқан ұстаным болуы керек, - дейді комиссия мүшесі.
Бұл бағытта халықаралық тәжірибе де ескерілген.
– Осы ұсынысты әзірлеу барысында біз өзге елдердің Конституцияларындағы тәжірибелерді де зерделедік. Сол кезде түйгеніміз – азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы үшін алдымен мемлекет тиісті жағдай жасауы тиіс. Бұл жағдай ең алдымен оқу-ағарту мен түсіндіру жұмыстарынан басталуы керек. Адам өз айналасына, қоршаған ортасына дұрыс көзқараспен қарамаса, оның ұрпағы қандай ортада өмір сүреді деген сауал әркімнің ойында болуы тиіс. Олар таза табиғатта өмір сүре ме, әлде денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіретін ортада қала ма – бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан экология мәселесінде кесіп-пішіп талап қоюдан бұрын, жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл Үкіметтің тікелей міндеті деп санаймын, - дейді мәжілісмен.
Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Елнұр Бейсенбаев ұлттық құндылықтарды қорғау ең алдымен отбасы мен неке институтын заңмен нығайтудан басталады деген пікір білдірген еді.