Экологиялық талапты бұзған мұнай компанияларына айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы үш жылда Қазақстанда экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпорындарға айтарлықтай көлемде айыппұл салынды. Бұл туралы Сенат депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ольга Булавкина айтты.

Қазақстан мұнайын Әзербайжан
Фото: Kazinform

Атап айтқанда, Атырау облысындағы бірқатар кәсіпорынға ірі айыппұлдар салынған:

− «Oxygenator» ЖШС 13 568 тонна мұнай қалдығын экологиялық рұқсатсыз кәдеге жаратқаны үшін 37,4 млрд теңге;

− «Каспий Нефть» АҚ қажетті құжаттарсыз қалдықтарды сақтағаны үшін 13,7 млрд теңге;

− «Karabatan Utility Solutions» ЖШС (Самұрық-Қазына құрылымына кіреді) – бөлінген көміртек квоталарын арттырғаны үшін 7,2 млрд теңге;

− «Теңізшевройл» ЖШС рұқсат етілген шектерден асатын зиянды заттарды шығарғаны үшін 2,8 млрд теңге;

− «Кохан» АҚ – экологиялық рұқсатсыз қауіпті қалдықтарды жинақтағаны үшін 9,5 млрд теңге;

− NCOC (North Caspian Operating Company) – тазартылмаған ағын суларды ағызғаны үшін 196 млн теңге, ал факел газын жағу нормативтерін бұзғаны үшін 12 млрд теңге айыппұл алды.

− «Жан и КС» ЖШС экологиялық талаптарға сай келмейтін қалдықтарды сақтағаны үшін 3 млрд теңге айыппұл алды.

− «Дала-Экос» ЖШС қауіпті қалдықтарды заңсыз жинап, өңдегені үшін 3 млрд теңге айыппұл салынды.

Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облысында «Қазмырыш» ЖШ экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 49,6 млн теңге айыппұл алды.

Қызылорда облысында Бейнеу-Шымкент газ құбырына экологиялық бұзушылықтар үшін 523 млн теңге айыппұл салынған.

Абай облысында «ЭКО-Семей» ЖШС қоршаған ортаны ластағаны үшін 296 млн теңге айыппұлмен жазаланды.

Айыппұлдардың негізгі себептері – нормативтен тыс зиянды шығарындылар, экологиялық рұқсаттың болмауы, заңсыз қоқыс алаңдары мен қалдықтарды кәдеге жарату, су ресурстарын ластау болып отыр.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір кәсіпорын қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге міндетті. Бұл бағдарлама қалдықтардың көлемін барынша азайту мақсатында ең озық қолжетімді технологияларды пайдалануды ескеруі тиіс.

Бұған дейін сарапшы Гүлмира Исмағұлова Қазақстандағы ластанған ауа қатерлі ісік пен туабітті ауруларды көбейткенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар