Экологиялық құқық бұзушылық үшін табиғатты пайдаланушылардың жауапкершілігін қатаяды

АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы » заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Экологиялық құқық бұзушылық үшін табиғатты пайдаланушылардың жауапкершілігін қатаяды

Аталған заң жобасымен Экологиялық, Қылмыстық, Салық, Бюджет кодекстеріне, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске және басқа да заңнамаларға бірқатар бағыттар бойынша өзгерістер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, жинақталған қалдықтар көлемін азайтуды ынталандыру, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту, қолданыстағы заңнамаға Киото хаттамасының құқықтық тетіктерін енгізу шаралары көзделеді. Бұдан бөлек, еліміздің гидрометеорологиялық қызметінің жұмысын реттейтін нормаларды жетілдіру жөнінде заңнамалық өзгертулер қарастырылады. «Соңғы бес жылда экологиялық құқық бұзушылықтардың өрескел түрде бұзылуына қарамастан, бірде бір кінәлі қылмыстық жауапкершілікке тартылған емес. Ал заңнамадағы дәлсіздік қылмыскерлерге жазадан құтылып кетуге жағдай туғызып отыр. Осы жайтты дұрыстау үшін заң жобасымен аса ірі мөлшерде атмосфераны ластағаны бойынша экологиялық қылмыстың өлшемдері енгізіледі. Залал мөлшері қолданыстағы тәжірибе бойынша 50 мың айлық есептік көрсеткіш және одан да жоғары болып анықталған. Бұндай түзетулер экологиялық кодекстің нормаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамсыз етеді», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім. Оның айтуынша, заң жобасымен ірі компанияларға қалдықтарды басқару туралы бағдарлама жасау міндеттеледі. Бұл шара 2013 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге аса бастайды. Ал ол бағдарламада қамтылған көрсеткіштер орындалмаған жағдайда ірі мөлшерде айыппұл санкцияларын қолдану көзделген.

Сонымен қатар министр құжат бойынша парникті газдардың шығарындысын бөлу тетіктері де енгізілетінін атап өтті. «2014 жылдан бастап, парникті газдардың шығарылымы жылына 20 мың тоннадан асатын табиғатты пайдаланушылар, яғни мұнайгаз, тау-кен, химиялық сала өнеркәсібі, ауыл шаруашылығының ірі кәсіпорындары сәйкес квоталар алулары тиіс», - дейді Н. Әшім.