Экологияны жақсартуға салғырт қараған павлодарлық кәсіпорындар жазаланды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Экология кодексі өндіріс орындарында мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізуді міндеттейді. Өкінішке қарай, Павлодар облысында бұл талапты жеткілікті орындамай отырған кәсіпорындар бар. 

Насколько сильно загрязнена экология Жамбылской области
Фото: Юрий Ким

Кәсіпорындардағы өндірістік қалдықтар мен шығарындыларды бақылауды күшейту мақсатында Экология кодексінде 1-санаттағы объектілерге мониторингтің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу міндетті екені көрсетілген.

Ол — шығарындылар көрсеткішін онлайн режимде қадағалауға және кәсіпорын тарапынан профилактикалық сипатта да жедел әрекет етуге, сондай-ақ мемлекеттік бақылау тарапынан да шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін жүйе.

Өңірлік экология департаментінің дерегінше, Павлодар облысы бойынша МАЖ орнату тізіміне 15 кәсіпорын еніп отыр.

Бұлардың ішінде «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» АҚ деректері бірден «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпарат жүйесіне беріледі.

Өзгесінде байланыс арнасын орнату, монтаждау, бағдарламалық қамтамасыз ету, жабдықтарды тестілеу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда кейбір өндіріс орындары бұл жобаға салғырт қарап отырғаны байқалады.

— МАЖ енгізу талаптарын сақтамағаны үшін департамент 6 нысанға әкімшілік шара қолданды. Атап айтқанда «Павлодарэнерго» АҚ-ның ЖЭО-3 стансасына — 2 млн теңге сомасында, ЖЭО-2 стансасына — 1 млн 661 мың теңге айыппұл салынды. Бұған қоса «Energy Solutions Center» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС ПФ, «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-на заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді. Олар мерзімінде орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Ал МАЖ орнату кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асады, — дейді Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков. 

экология
Фото: Павлодар облысы ӨКҚ

Өткен жылы республика бойынша атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың көлемі 2,4 млн тоннаны құраса, Павлодар облысында аталған кезеңдегі бұл көлем 703 970 тоннаға жеткен.

Сайып келгенде еліміздегі атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың 30%-ы облысқа тиесілі.

Облыс кәсiпорындары рұқсат шарттары бойынша мiндеттемелердi орындау шеңберiнде ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға бағытталған табиғат қорғау iс-шараларын iске асыруда. Мәселен 2023 жылы олардың көлемін 22,53 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берген.

Облыс кәсiпорындары экологиялық рұқсаттар шарттары бойынша мiндеттемелердi орындау шеңберiнде шығарындыларды азайтуға, өндiрiс қалдықтарын орналастыруды қысқартуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, көгалдандыруға және т. б. бағытталған табиғат қорғау iс-шараларын iске асыруда.

Табиғат қорғау іс-шараларын орындау 2023 жылы атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының көлемін 22,53 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.

Табиғат қорғау іс-шараларына бөлінген қаражаттары да жылма-жыл ұлғайып, былтыр жоспарланған 15,5 млрд теңге қаражаттың орнына 19,4 млрд теңге игерілген. Ал биылғы жылдың алғашқы 9 айында кәсіпорындар 39,9 млрд теңгені экологияны жақсартуға бағыттаған.

Жалпы биылғы 11 айдың айдың қорытындысы бойынша департамент мамандары 91 кәсіпкерлік субъектісінен экологиялық заңнама талаптарын бұзу туралы 114 деректі анықтаған. Оларға 45 млн теңгеден астам сомаға 67 әкімшілік айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, Екібастұз МАЭС-1 экология департаменті өкілдерін бақылау нысандарына кіргізбей қойған еді.