Экологтар дабыл қақты: Ертіс орманын жібек көбелегі басып барады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жібек көбелегінің шабуылы резерватта 2023 жылдан бері айқын байқала бастаған. Мамандар былтыр зиянкестерді азайту мақсатында 13 мың гектардан астам орман аумағын химиялық препаратпен өңдеуге мәжбүр болған.

«Ертіс орманы» резерватында 12 млн-нан астам қарағай көшеті отырғызылады
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Әлеуметтік желіде «Ертіс орманы» резерватының Шалдай аумағында қарағай жібек көбелегінің қаптап кеткені туралы бейнежазба тарады. Видеодан қарағайдың жас өскіндеріне зиянкестердің жұлдызқұрттары түсіп, салдарынан қылқан жапырақты ағаштардың сола бастағанын көруге болады.  

Видео авторлары - «Эком» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бұл мәселенің байқалып отырғанына екінші жыл болғанын айта келіп, биылғы жағдай ушыға түскен болуы керек деп шамалайды. Эколог мамандар дер кезінде шара қолданылмаса, соңы жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді. Ағаштар әлсіреп, қурап қалады, орман өртінің қаупі артады, сондай-ақ зиянкестер орманның жаңа алқаптарына одан ары тарала бастайды. Соған орай бірлестік мүшелері орман алқаптарына шұғыл тексеру жүргізуді, тұрақты мониторинг ұйымдастыруды, зиянкестердің таралуын оқшаулау бойынша шаралар қабылдауды сұрап отыр.

«Шалдай ормандары - Павлодар облысының ең маңызды табиғи аумақтарының бірі, сондықтан бұл мәселе қазірден бастап назар аударуды талап етеді», - деп түйіндейді бірлестік мүшелері.

Аталған келеңсіз жағдай бойынша Kazinform тілшісі «Ертіс орманы» резерватына хабарласып, зиянкестердің шабуылы қарағайлы орманға қаншалықты қауіп төндіретінін зерделеп көрді.

Резерваттың ғылым және мониторинг бөлімінің жетекшісі Арман Жүнісов атап өткендей, қарағай арасында таралған зиянкестер «қарағай жібек көбелектері» деп аталады. Биыл резерват аумағы бойынша 6773,1 гектар жерде қарағай жібек көбелегі анықталып отыр.

- Арман Қайратұлы, қарағай жібек көбелегінің орманда таралуы қай уақыттан бастап байқалды?

- Алғаш 2023 жылы қарағай жібек көбелегінің 430,3 гектар аумаққа таралғаны анықталды. Былтыр 13 174,3 гектар жер зиянкестерге қарсы әуеден ұшақ арқылы дәрі шашу әдісімен өңделді. Ал биыл 3000 гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр.

- Жібек көбелегі жабысқан қарағай қандай күйге түседі? Ағаш солып, өсуін тоқтата ма, әлде емдеп жіберуге бола ма?

– Ол зиянкестің ағашты зақымдау деңгейіне байланысты әртүрлі болады. Егер зиянкес бір-екі рет қана зақым келтірсе, қарағай қайта қалпына келе алады. Ал қатты зақымданған жағдайда ағаш қурап қалуы мүмкін. Қазіргі таңда көптеген аумақтарда қарағайлар қылқан жапырақтарын қайта қалпына келтіріп жатыр. Қарағай жібек көбелегінің саны шегіне жеткен кезде табиғи биологиялық тепе-теңдік іске қосылады. Энтомофаг жәндіктердің, яғни олардың дернәсілі - жұлдыз құрттармен қоректенетін пайдалы жәндіктердің саны артады. Мысалы, «Тахина шыбыны» қарағай жібек көбелегінің жұлдызқұрттарына өзінің жұмыртқаларын салу арқылы зиянкестерді жояды. Мұндай процестер зақымдалған аумақтардан байқалып отыр. Видеода көрсетілген қарағай жібек құртының «пілләсі» (кокон) ашылмай, яғни көбелекке айналмай сол қалпында өліп қалғандары осыған дәлел.

- Жалпы жібек көбелегі орман үшін қаншалықты қауіпті? Резерват аумағында төтенше жағдай жариялануы мүмкін бе?

– Елеулі зиян келтіретін қауіпті зиянкес. Қылқан жапырақтарды жеп, ағаштардың әлсіреуіне әкеледі. Қазіргі таңда олардың таралу аумағы тым кеңейіп кетпеуі үшін инженер-орман патологтары мен ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлері тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірше төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ.

- Ағаштар қандай препаратпен өңделеді?

– Қарағай алқаптары былтыр «Диурон» препаратымен өңделді. Өңдеу жұмыстары нәтижелі болды. Биыл да соны қолданамыз. Орман зиянкестеріне қарсы күресте тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу, табиғи биологиялық тепе-теңдікті сақтау және ғылыми бақылауды күшейту маңызды. Бұл жұмыстар үзбей жалғаса береді.

Бұған дейін Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түскен еді.