Экологтер күні: «Эко аудит» жаңа түсірілімін бастады
АСТАНА. KAZINFORM – 5 маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күніне орай Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында табиғатты сақтау бағытындағы жұмыстар мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі сөз болды.
«Эко аудит» тележобасының жүргізушісі Гүлжазира Ғалиқызы бүгінде Ақмола облысында жобаның кезекті түсірілімі жүріп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, түсірілім барысында Бурабай, Зеренді және Көкшетау өңірлеріндегі орман қорын сақтау, өрттің алдын алу, ағаш көшеттерін өсіру және көлдердің экожүйесін қорғау бағытындағы жұмыстар қамтылған.
– Орман өртін ерте анықтайтын ақпараттық жүйелер, бақылау камералары алғаш болып осы өңірде енгізілген. Сонымен қатар еліміздегі жалғыз орман тұқымы банкі Бурабайда орналасқан. Зерендіде көлдердің экожүйесін сақтауға үлес қосып жүрген мамандармен, ал Көкшетауда ағаш көшеттерін өсіретін заманауи жылыжай қызметкерлерімен кездесіп, олардың жұмысын көрсеттік, – деді Гүлжазира Ғалиқызы.
Еске сала кетейік, бұл тележоба Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан 2 млрд ағаш отырғызу бастамасының өңірлерде қалай орындалып жатқанын назарға алады.
Сонымен бірге бағдарламада жас экологтардың да бастамалары таныстырылды. Астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия оқушылары энергияны үнемдеу мен органикалық қалдықтарды қайта пайдалану тақырыбындағы жобаларын көрсетті.
9-сынып оқушысы Кәусар Сүгірбекова су энергиясын пайдалану арқылы электр қуатын өндіру қағидатын түсіндіретін макетін таныстырса, 5-сынып оқушылары Айзере Қасқарбекова мен Көркем Қайшыбай өсімдіктердің өсуін жеделдетуге арналған табиғи тыңайтқыштарды әзірлеу тәжірибесін бөлісті.
Айта кетейік, бұған дейін, мемлекет басшысы экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп қатар дамуы керектігін айтқан еді.