Экологтар Павлодардағы тағы бір ірі зауыттан кемшіліктер тапты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға қарасты ЖЭО-да шаң шығарындыларының нормадан асып кетуі, арнайы экологиялық рұқсаттың болмауы және тағы басқа кемшіліктер анықталған.

Дауыл салдарынан Ақсу ферроқорытпа зауытында мұржаның бір бөлігі құлаған
Фото: Алексей Поляков/Kazinform

Павлодар облысы бойынша экология департаменті «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға қарасты жылу-энергия орталығына жоспарлы тексеру жүргізген.

- Тексеру барысында орталықтан бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, көмірді тасымалдау мен көмір қоймасын қалыптастыру кезінде шаң түзілу көзіне экологиялық рұқсаттың болмауы, отын беру конвейерінің ЛК-4А көзінде бейорганикалық шаң шығарындыларының рұқсат етілген нормаларының асып кетуі сияқты мәселелер тіркелді. Бұған қоса газ тазарту қондырғыларының паспорттарын жүргізу кезінде газдың ылғалдылығы, суару сұйықтығының шығыны және су қысымы туралы деректер жүргізілмеген, - деп хабарлады департаменттен.

Мекеме мамандары ЖЭО басшылығына кемшіліктерді жою туралы нұсқама жолдап, 3 814 974 теңге сомасына айыппұл салған.

Еске сала кетейік, экологиялық талапты ескермеген Павлодар электролиз зауытына айыппұл салынды