Экологтер Атырау мұнай өңдеу зауытына күкіртсутек деңгейінің артуына байланысты тексеріс жүргізеді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Экологтер Атырау мұнай өңдеу зауытына кезектен тыс тексеріс ашпақ. Бұған 25 қаңтарда Атыраудағы бірқатар елді мекен аумағында күкіртсутектің шекті нормадан асып кетуі себеп болып отыр. 

Экологтер Атырау мұнай өңдеу зауытына күкіртсутек деңгейінің артуына байланысты тексеріс жүргізеді
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есеновтың сөзінше, қазіргі уақытта бұл жағдайға байланысты ауа сапасына қатысты материалдар жинақталуда. Кейін дайын құжаттар құқық қорғау органдарына жіберіледі.

– 25 қаңтардан басқа күндері де ауа құрамында күкіртсутек мөлшерінің шектік нормадан асып кеткені болды. Бүгінде бар мәліметті сараптап жатырмыз. Барлық факт бойынша міндетті түрде тексеріс жүргіземіз. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ешқандай құжатсыз АМӨЗ-ге тексеріс аша алмаймыз. Сондықтан барлық материалды жинақтап, прокуратура органдарына жібереміз. Материал тіркелгеннен кейін ғана тексеріске кірісеміз , - деді Ерлан Есенов.


Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының зертханасы кәсіпорынның батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде орналасқан санитарлық-қорғау аймағында солтүстік-шығыс жел бағыты бойынша атмосфералық ауа сапасын тексерген. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы тіркелген жоқ, яғни иіс зауыттан емес дейді.

Зерттеу жұмыстары келесі компоненттер бойынша жүргізілген:

1. Күкіртсутек: көрсеткіш – 0,00002 мг/м³, норма – 0,008 мг/м³;

2. Көмірсутек С6-С10: көрсеткіш – 0, норма – 30 мг/м³;

3. Көмірсутек С12-С19: көрсеткіш – 0, норма – 1 мг/м³;

4. Бензол: көрсеткіш – 0, норма – 0,3 мг/м³;

5. Ксилол: көрсеткіш – 0, норма – 0,2 мг/м³.

– Атыраулықтар иіс деген мәселе туындаған кезде міндетті түрде желдің бағытына назар аудару керек. Сол күні жел солтүстік-шығыстан, бүгін жел солтүстіктен соғып тұр. Яғни, жел АМӨЗ-ге қарай болуда. Атырау аумағында зауыттан басқа ластаушы көздер бар. Нақты иістің қайдан шыққанын құзырлы органдар айтады. Біз өз тарапымыздан санитарлық қорғау аймақтарында талдау жасадық. Шығарындылардың шекті нормадан аспағанын анықтады,-деді «АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашева.

АМӨЗ өкілі тұрғындардың «жұма мен жексенбі аралығында зауыттан шығатын иістің әдеттегіден өткір болады» дегені уәжіне қатысты пікір білдірді. Мөлдір Борашеваның сөзінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Барлық шығарынды негізгі ұйымдасқан көздерден инструменталды және есептеу әдістер арқылы шығарылады.

– Тағы бір жәйтқа тоқталсам. Тасқала ауылының тұрғыны түсірген видеоны саралап қарасаңыздар бу солтүстік шығыстан тіке кетіп бара жатыр. Яғни, жел тұрғынға қарай тіке соғып тұрған жоқ, алдынан өтіп жатыр, - деп пікір білдірді «АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашева. 

Зауыт таратқан ресми мәліметке сүйенсек, технологиялық процестерде жылу алмасу принципі қолданылады, яғни бір ағын қыздырылып, екіншісі салқындатылады. Ағындар арасында жылу энергиясын тасымалдаушы ретінде су пайдаланылады. Бұл – әлемдегі мұнай өңдеу зауыттарында кеңінен қолданылатын тәжірибе. Су технологиялық пештерде қыздырылып, градирнялардың көмегімен салқындатылады. Отын жағу арқылы қыздыру және салқын ауамен жанасу кезінде салқындату процесінде су буы түзіліп, атмосфераға шығарылады.

– Жылдың жылы мезгілдерінде су буы атмосферада тез таралады. Ал ауа температурасы төмендеген кезде, әсіресе қыс айларында, бу жерге жақын қабаттарда конденсацияланып, су тамшылары мен мұз кристалдарынан тұратын шлейф түзеді. Бұл құбылыс пеш мұржалары мен градирнялардан шыққан «түтін» ретінде көрінуі мүмкін, алайда ол жану өнімі немесе ауа ластануының белгісі емес, - делінген ресми мәлімдемеде. 

АМӨЗ өкілі кәсіпорынның бүгінде кешенді экологиялық рұқсат алмағанын айтты. Зауыт бұл рұқсатты осы жылы алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, зауытта 300-ден астам шығарынды көзі бар. Негізгі ұйымдасқан көз – төртеу. Төртеуінде автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған. Бұл жүйе арқылы ластағыш заттар туралы мәлімет лезде құзырлы органдарға түсіп отырады.

25 қаңтар күні Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар аумақта күкіртсутек концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден 36 есе артып кеткені белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар