09:32, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне негізінен оралмандар жүгінуде
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - «Нұр Отан» республикалық партиясы мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Осынау құжаттың және дағдарысқа қарсы бағдарламаның ережелерін жүзеге асыру мақсатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Сәттібек Оңғарбаев өткен аптада Алматы облысында азаматтарды қабылдады. Қабылдауға «Нұр Отанның» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыров, облыстық қаржы полициясының бастығы Абзал Кәрімов қатысты. Бұл күні лауазымды тұлғалардың қабылдауында облыстың түрлі өңірлерінен арнайы келген 20-дан астам адам болды. Олардың көбісі - оралмандар. Тарихи отанына оралған ол азаматтардың бастарындағы негізгі проблемалар - Қазақстан азаматтығын дер кезінде ала алмау, соның салдарынан квотаның ресімделу, жұмысқа тұру, баспана немесе жер телімін алу мәселелерінің кідіруі сияқты мәселелер болып отыр. Аталған проблемаларды сол жерде шешу үшін жиналысқа облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Сағаділла Хасенов шақырылды. Ол осы бағытта өңірде қалыптасып отырған жағдайды егжей-тегжей түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, оның айтуынша, былтыр Алматы облысына 1450 квота бөлінген, ал облыста қазір 4,5 мыңнан астам оралман тіркелген. 2009 жылы басқарманың өтініші бойынша, министрлік тағы 3800 квота бөлген.