Экономикалық саясат тұрақтылыққа негізделеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел бюджеті түсімінің негізгі көзі болып келген мұнай бағасы бүгін құлдыраған үстіне құлдырай түсуде. Өзге шикізаттық тауарлардың да әлемдік нарықтағы бағасы төмендеп барады. Аз күндік емес, ұзаққа созылатын түрі бар бұл жағдай жаһандық экономиканың да өсімін тежеді. Бұл бақуатты саналатын дамыған елдер алдына да жаңа міндеттер қойды. Енді бұрынғы мұнай бағасына жасалған бағдармен емес, жаңа өмір шындығына негізделген жоспармен қарекет етер күн туды.
Жаһандық нарықта сұраныс құлдырап, экономикалық өсім тежелген қазіргі күні ішкі нарықтарда бәсеке бел алып отыр. Жалпы, «дағдарыс - мүмкіндіктер көзі» деген сөз бар. Қазіргі қалыптасқан жағдайда әрбір ел өзінің ішкі тың мүмкіндіктерін іске қосып, экономиканың жаңа салаларын дамытуға күш салуда. Оған қоса, сандық технологияның бүгінгі даму деңгейі басқару ісін жер шарының кез келген нүктесінен жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, соңғы уақытта ұлттық өндірісті қорғау үшін дәстүрлі сауда тетіктерінен гөрі, валюталық айла-шарғылар жиірек қолданылатын болды. Әлемдік экономикадағы жаңа қалыптасқан жағдай бүгінде осындай сипаттарымен ерекшеленуде.
Жаңа кезеңде еліміз өз экономикасының бәсекелестік артықшылықтарын, мәселен, транзиттік әлеуетін барынша тиімді пайдалануға басымдық беруді көздейді. Бұған еліміздің орналасу ерекшелігі өзіндік әсерін тигізіп отыр. Іс тетігін қашанда кадр шешеді десек, маңызы зор бағыттың бірі - жоғары білімді, білікті мамандардың білім-білігі мен қабілет-қарымын орынды пайдалану. Олардың біліктілігін арттыруға тұрақты түрде көңіл бөлу. Жеке капиталдың қоғамда өз рөлін атқаруына жол ашу. Бар салада еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлер үшін тауар өткізу нарықтарына қолжетімділікті көтеру, яғни инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, өндіріс шығындары жағынан емес, кадрларымыздың мықтылығы тұрғысынан бәсекелесу. Әрине, осыған дейінгідей, кәсіпорын атаулының бәріне бірдей көмектесу мүмкін емес. Сондықтан, мемлекеттік қолдау атаулы болуы керек, оған тек экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындар ғана лайық болмақ.
Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» және «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламаларында айқындалған ел дамуының жаңа кезеңдегі мақсат-міндеттерін жүзеге асыру экономиканың қалыпты өсімін қамтамасыз етіп, дағдарыс әкелген қиындықтарды табысты еңсеруге мүмкіндік береді.
Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» атты халыққа жариялаған Жолдауында әкімдер алдына нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. «Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен бірлесіп жұмыс жүргізетін бірқатар бағыттар бар. Реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті негізгі заңдар қабылданды. Егер жыл басынан сол заңдар бойынша жұмыс басталмаса, олар қағаз жүзінде қалып кетеді», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл қиындықтарға қарамастан өңірлер экономикасынан күтілетін өсім 2 пайыз мөлшерінен аз болмайтынын айтты. «Шикізат секторындағы төмендеудің есесін біз шикізаттық емес салалар есебінен толтырдық. Қызмет көрсету саласында өңдеуші кәсіпорынның өсімі қамтамасыз етілді. Қолда бар резервті пайдалана отырып, әрбір облыста жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосқан жөн, олардың сатылымының көлемін ұлғайту керек», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті автомобиль жолдарын, әлеуметтік нысандарды салу ісінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін белсене қолдануды тапсырған болатын. Бұл жұмыстар кеңінен жүргізіліп отырғанына халық куә болып отыр.
Сонымен қатар, қоғамдық-саяси тұрақтылық, халықтың қажеттілігін ескеру, еңбекақының, зейнетақының және жәрдемақының уақтылы төленуі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының мониторингі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмысы және құқық қорғау ісі деңгейі ойдағыдай қамтамасыз етілетін болады.