Экономикамыз қарыштап дамитынына сенімім зор – Шет ауданы әкімінің орынбасары Жолдау туралы
Бұл пікірді Қарағанды облысындағы Шет ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нөкеш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жолдауда күллі әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдары қамтылған. Қазіргі таңда бұл өте маңызды мәселе. Сондай-ақ құжатта ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуы, білім беру саласын көтеру, халқымыздың денсаулығы сияқты әлеуметтік бағыттағы мәселелер кеңінен көрініс тапты. Бұл халқымыздың өмірімен, тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты дүниелер. Сондай-ақ ол қалық көпшілік үшін қуанышты жаңалықтар.
«Ал Шет ауданы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда осы кезден-ақ бастап кетті. Ауданымызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 28 жоба, «Ауыл ел бесігі» арнайы жобасы аясында 8 жоба іске асырылды. Оның ішінде тұрғындардың табысын арттыру және жұмыс орындарын сақтау бойынша екі бағдарлама аясында 200 адам мерзімді жұмыспен, 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Аудандағы білім беру, спорт, көпқабатты тұрғын үй нысандарының қасбеттерін күрделі жөндеуден өткізу, көше жолдарын орташа жөндеу, жылу жүйелерін жаңарту, аудан бойынша көптеген елді мекендердегі мектептердің дәретханаларын ішке кіргізу және бейнебақылау қою, мектеп шатырларын жаңарту және жөндеу сынды ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді Шет ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нөкеш.
Сонымен қатар, республикалық, облыстық бюджет есебінен Шет ауданына қарасты Киікті ауылында 2 қабатты 150 орындық жаңа мектеп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақадыр кентінде 24 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынуда.
«Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан мемлекеттік қызметшілердің санын қысқартып, сапасын арттыру, халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, баспана мәселесін шешу сынды басымдықтары толықтай жүзеге асқанда өркениетіміз өркендеп, экономикамыз қарыштап дами беретініне сенімім мол. Осы мақсатта бірлесіп, жұмыла жұмыс істейтін боламыз»,- деп қосты Шет ауданы әкімінің орынбасары.