Экономиканы әртараптандыру - ел дамуына жол ашады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы жалпы ахуал бағамдалып, экономикалық өсімді бағыттары талқыланды.
Жыл соңында мемлекеттік қазына 830 миллиард теңге қосымша кіріспен толығады деп жоспарланып отыр. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы негізгі үш міндетке тоқталды.
Біріншісі, агроөнеркәсіп кешені. Н.Назарбаев «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ең алдымен ұзақмерзімді қолжетімді несие беру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтерін, бастапқы қайта өңдеудің, өнімді сақтау мен өткізудің инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ суармалы жердің айналымын енгізу бағдарламаның басымдықтары болуға тиіс. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуге тиіс. Бұл жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңасын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету керек, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидиялауды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін қозғай отырып, Елбасы Үкіметке биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қажетті қосымша 97 миллиард теңге қаражат бөлуді тапсырды.
Екіншісі, экспорттық әлеуетті индустрияландырудың жаңа кезеңіндегі әртараптандыру мәселесі. Бұл ретте Президент бүкіл экономика мен экспорттың әртараптандырылуы оның тұрақтылығының кепілі екенін, Үкімет пен әкімдер экспортты жандандыру мен дамытуға ден қоюға тиіс екенін айтты.
Біз индустриялық бағдарламаның екінші бесжылдығына көштік. Таңдалатын жобалардың сапасын арттыру өте маңызды. Жаңа бесжылдықта шикізаттық емес экспорттық өнімге басымдық берілу қажет екенін баса айтқым келеді. Экспорттық әлеует, жоғары өнімділік, жаңашылдық таңдалатын жобалардың негізгі өлшемдері болуға тиіс. Үкіметке осы бағдарламаны қолдауға қажетті қосымша 112 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырамын, деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының аясындағы келісімді іске асыру экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты болып саналатынын атап өтті.
Үшіншісі, көлік инфрақұрылымын дамыту жайы. Бүгінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың басты тетігі болып отыр. Осылай деген Елбасы алда көлік әлеуетін дамыту мен өңірлік көлік-логистика хабын құру міндеті тұрғандығына тоқталды.
Азия - Еуропа бағытындағы контейнерлік көлік тасымалының көлемі қарқынды түрде өсуде. Биылғы жеті айдың ішінде ғана ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Бұл жұмысты биыл жалғастырып, жыл соңына дейін Алматы - Шу теміржол желісінің алғашқы іске қосылатын кешенін, Құрық портындағы паром кешенін, ұзындығы 920 шақырымдық автомобиль жолының құрылысын және оны жөндеу жұмысын аяқтау қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қолға алынған жобалардың іске асырылуын жеделдетуге биыл қосымша 74 миллиард теңге бөлу тапсырылды.